Қазақстандық жас теннисші Үндістанда қатарынан екі турнирде топ жарды

Фото: Федерация тенниса Казахстана

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Альбина Кәкенова 18 жасқа дейінгілер арасында Үндістанда өткен екі ITF Juniors 100 турнирінде чемпион атанды.

А.Кәкенова алдымен тағы бір қазақстандық Сәтима Төрегенмен бірге жұптық сында Нью-Дели додасында үздік шықты.

Онда қазақстандық дуэт финалда ресейліктер Ксения Ахрамеева – Ева Колядинаны 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Альбина Кәкенова жекелей сында Пуне қаласында өткен жарыста қарсылас шақ келтірмеді. 

Альбина сенбі күні соңғы бәсекеде үндістандық Диа Рамешті 6:2, 6:0 есебімен ойсырата ұтты.
Альбина да, Сәтима да 17 жаста.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын алғаш рет қазақ теннисшісінің Майами турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисші Үндістандағы жарыста финалға дейін жетті