АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды қаласында 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Азия теннис федерациясының (ATF) ATF 14&under Karaganda G2 (4) халықаралық турнирі аяқталды.
Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық теннисшілер жекелей және жұптық сындарда төрт чемпиондық атақтың барлығын жеңіп алды.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, ұлдар арасындағы жекелей сында Михаил Ким жеңімпаз атанды. Ол жұптық бәсекеде де үздік нәтиже көрсетіп, отандасы Жантөре Бөлекбаевпен бірге чемпиондық атақты иеленді. Осылайша, Михаил Ким бір турнирде қос бірдей титулға қол жеткізді.
Қыздар арасындағы жекелей сында Милана Подлесная топ жарды. Қазақстандық теннисші турнир барысында қарсыластарына бірде-бір сет берместен үздік шықты.
Қыздар арасындағы жұптық сында қазақстандық Мария Акатова мен Кристина Бервинова жеңіске жетіп, ел қоржынына тағы бір чемпиондық атақ қосты.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдері халықаралық турнирдің барлық төрт санатында жеңімпаз атанып, өз алаңында жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшінің Өзбекстандағы жарыста топ жарғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).