91 мыңнан астам қазақстандық шетелде оқып жатыр
Қазақстандық талапкерлер Ресей мен Қытайдан бөлек, Түркия, Еуропа елдері, АҚШ пен Ұлыбританияға да барады. Соңғы жылдары Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия бағыттарына қызығушылық артып келеді.
Білім беру саласының сарапшысы Әйгерім Шерімнің айтуынша, университет таңдауда білім сапасымен қатар, қауіпсіздік пен қаржылық қолжетімділік маңызды.
– Өткен жылғы мәліметтерге сәйкес, шетелде білім алып жатқан жастардың саны бойынша Қытай көш бастап тұр. Одан кейін Үндістан мен Өзбекстан бар. Ал халық санына шаққандағы көрсеткіш бойынша Қазақстан алдыңғы қатарда. Геосаяси жағдайға қарамастан, бұл елдер жастарға халықаралық білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік беріп келеді.
Қазір ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән береді. Сондықтан Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне сұраныс жоғары. Бұл мемлекеттерде гранттық бағдарламалар бар, тұру құны салыстырмалы түрде қолжетімді әрі студенттерге қолайлы орта қалыптасқан, – деді сарапшы.
Қазақстандықтардың шетелде білім алуға деген қызығушылығы статистикадан да байқалады. Қазір шетелдік университеттерде 91,2 мың қазақстандық студент оқиды. Ал ЮНЕСКО-ның Higher Education Global Trends Report 2026 есебіне сәйкес, 2023 жылы Орталық Азия студенттерінің 14,9 пайызы шетелде білім алған, яғни өңірдегі әрбір жетінші студент шетелдік университетті таңдаған.
Есеп авторлары бұл сұранысты халықаралық деңгейде мойындалатын диплом, мансаптық өсу және жоғары табыс мүмкіндіктерімен байланыстырады. Оған қоса отандық университеттердегі орындардың шектеулілігі мен кейбір білім беру бағдарламаларының сапасына қатысты күмән де талапкерлердің таңдауына әсер етеді.
Алайда жоғары білімге сұраныстың өсуі оны қаржыландырумен қатар жүріп отқан жоқ. Соңғы он жылда Орталық Азияда бакалавриат студенттерінің саны 63 пайызға артқанымен, өңір елдері жоғары білімге жалпы ішкі өнімнің орта есеппен 0,44 пайызын ғана жұмсайды. Сондықтан университеттердің кірісінің едәуір бөлігі студенттердің оқу ақысынан қалыптасады.
АҚШ-тан Түркияға дейін: оқудың құны қанша?
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2024–2025 жылдары «Болашақ» бағдарламасы мен ғылыми тағылымдамалар аясында шетелге 2,3 мың адам жіберілген. Стипендиаттардың 57,3 пайызы АҚШ-ты, 29 пайызы Ұлыбританияны таңдаған. Германияда 4,6, Аустралияда 1,9, Канадада 1 пайызы білім алып жүр.
Ал жеке қаражат есебінен оқитындар үшін шығын көлемі таңдалған ел мен университетке тікелей байланысты. Мәселен, 2026 жылы АҚШ-тағы Ivy League университеттерінде, сондай-ақ Stanford пен MIT секілді жетекші жекеменшік оқу орындарында бір жылдық оқу мен тұру құны орта есеппен 85–92 мың долларды құрайды. Бұған медициналық сақтандыруға 2–3,5 мың, оқу материалдарына 1–1,5 мың доллар және маусымға қарай 1 мың доллардан басталатын әуе билетінің құны қосылады.
Қытай мен Түркиядағы білім алу шығыны салыстырмалы түрде төмен. Қытай университеттерінде оқу ақысы жылына 3–7 мың доллар болса, Түркияның мемлекеттік жоғары оқу орындарында 1–5 мың доллар аралығында. Екі елде де оқу мен тұруды қоса есептегендегі жылдық шығын шамамен 10–12 мың долларды құрайды.
Алайда бұл сомалар Қазақстан азаматтарының шетелде білім алуға жұмсайтын жалпы қаражатын көрсетпейді. Министрлік жеке қаражаты есебінен оқитын қазақстандықтардың шығындары бойынша есеп жүргізбейді.
Жастар сыртта қалуға неге құмар?
Шетелде білім алу мүмкіндігі артқанымен, түлектердің бәрі бірдей елге оралмайтыны тағы бар. Астана халықаралық университетінің аға оқытушысы, әлеуметтанушы Айдар Хамиттің пікірінше, бұл – жаһандану, еңбек нарығындағы бәсекелестік және жастардың өмірлік принциптерінің өзгеруімен байланысты құбылыс.
– Қазіргі жастар білімді тек диплом алу құралы емес, әлеуметтік және кәсіби мүмкіндіктерді кеңейтетін құбылыс ретінде қабылдайды. Әлеуметтанушы Пьер Бурдьенің тұжырымдамасына сүйенсек, олар білім арқылы мәдени, әлеуметтік капиталын арттыруға ұмтылады, – деді сарапшы.
Дегенмен шетелде білім алу мүмкіндігі барлығына бірдей қолжетімді емес. Оған отбасының материалдық жағдайы, тілдік дайындық пен қажетті ақпаратқа қол жеткізу деңгейі әсер етеді.
Ал шетелде оқуын аяқтаған жастардың елге оралмауы жеке мүддемен байланысты.
– Жастардың шетелде қалуына кәсіби өсу мүмкіндігі, жоғары әрі тұрақты табыс, еңбектің әділ бағалануы, ғылыми инфрақұрылым мен мемлекеттік институттарға деген сенім ықпал етеді. Олар үшін жалақыдан бөлек, жұмысқа қабылдаудың ашықтығы, мансаптық өсудің әділдігі, баспанаға қолжетімділік маңызды.
Шетелде бірнеше жыл тұрған адам сол елде кәсіби және әлеуметтік байланыс орнатып, жұмыс тауып, отбасын құруы мүмкін. Уақыт өте келе ол қайта елге оралуды тәуекел ретінде қабылдайды, – деді Айдар Хамит.
Дарынды жастарды елге қалай қайтаруға болады?
Мемлекет үшін басты міндет – шетелде білім алатын жастардың санын азайту емес, олардың білімі мен тәжірибесін елдің дамуына пайдалану. Жауапты ведомствоның мәліметінше, соңғы бес жылда «Болашақ» бағдарламасы бойынша екі мыңнан астам түлек оқуын аяқтаған. Олардың 1,7 мыңнан астамы елге оралып, мониторингте тұрған түлектердің 98,2 пайызы жұмысқа орналасқан.
Түлектердің 44 пайызы жеке компанияларда, 30,9 пайызы мемлекеттік мекемелерде, 19 пайызы квазимемлекеттік секторда еңбек етеді. Бір пайыздан азы дипломатиялық корпусқа, ұлттық компаниялар мен халықаралық ұйымдарға орналасқан.
Сонымен қатар Қазақстан халықаралық білім беру тәжірибесін ел ішінде дамытуға күш салып жатыр. Қазір елімізде шетелдік университеттердің 30 филиалы мен Қытайдың техникалық мамандар даярлауға арналған екі «Лу Бань» шеберханасы жұмыс істейді, білім беру бағдарламаларының 80 пайызы өңірлер мен техникалық мамандықтарға бағытталған.
Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарында цифрлық кампустар ашу, шетелдік профессорларды тарту және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бастамалар халықаралық деңгейдегі білімді Қазақстанда алуға және отандық университеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Жастардың елде білім алып, кәсіби әлеуетін жүзеге асыруы үшін білім беру мүмкіндіктерімен қатар құқықтық кепілдіктер де маңызды. Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, жаңа Конституцияда білім алу, ғылыми және шығармашылық қызмет еркіндігіне қатысты нормалар бекітілген.
– 33-бап азаматтардың орта және жоғары білім алу құқығына кепілдік береді. Ал 23-баптың 1 және 3-тармақтарында ғылыми, техникалық, шығармашылық және көркемдік қызмет еркіндігіне кепілдіктер қарастырылған, – деді ол.
Сарапшы мұндай құқықтық нормалар жастардың елге оралып, әлеуетін жүзеге асыруына қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Бұған қоса еліміз халықаралық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтуға ұмтылып отыр.
– Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асырып жатқан «Study in Kazakhstan» жобасы елімізге 40 мыңға жуық шетелдік студент тартты. Бүгінде басты мәселе академиялық ұтқырлықтың өзінде емес, жастардың елге оралып, әлеуетін отандық ортада толық жүзеге асыруына институционалдық жағдай жасау. Осы тұрғыдан алғанда, шығармашылық еркіндікке, зияткерлік еңбекті қорғауға және ғылыми автономияға қатысты конституциялық кепілдіктердің маңызы зор, – деді Айгүл Сәдуақасова.
Ал әлеуметтанушы Айдар Хамит шетелде жүрген қазақстандықтарды елге оралмағаны үшін ғана жоғалған кадр деп бағалауға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, олар ғылыми жоба, инвестиция, бірлескен бастамалар арқылы да Қазақстанның дамуына үлес қоса алады.
Демек, мәселе жастардың шетелге білім іздеп кетуінде емес, алған білімі мен тәжірибесін қай елде жүзеге асыруды таңдайтынында. Еліміз үшін маңыздысы – жастардың кәсіби әлеуетін осында іске асыруға ынталандыратын жағдай жасауды жалғастыру.
Айта кетейік, бұған дейін ЖОО түлектеріне мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа жолы ашылғаны жайлы жазған едік.