ЖОО түлектеріне мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа жолы ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — eQyzmet.gov.kz порталында жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған «Түлек» бөлімі ашылды. Онда мемлекеттік органдардағы бос жұмыс орындары жарияланады.

ЖОО түлектеріне мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа жолы ашылды
Фото: ЖИ

Жаңа бөлім арқылы түлектер бос лауазымдармен танысып, үміткерлерге қойылатын талаптарды біле алады.

Сонымен қатар 2026 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу мүмкіндігі кеңейтілді.

Атап айтқанда, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын бітірген, орташа үлгерім көрсеткіші (GPA) кемінде 3,33 болған түлектер оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде жекелеген әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурсқа қатыспай-ақ үміткер бола алады.

Ол үшін заңда белгіленген талаптарға сай болуы қажет. Бұл мүмкіндік мемлекеттік грантпен де, ақылы негізде де білім алған түлектерге беріледі.

Бос жұмыс орындары мен қызметке орналасу шарттарын eQyzmet.gov.kz порталындағы «Түлек» бөлімінен білуге болады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің мәліметінше, түлектерге жұмысқа орналасу тәртібі мен мемлекеттік органдардың кадр қызметтерімен байланысу жолдары туралы да ақпарат беріледі.

Бұған дейін Қазақстан Президенті «Б» корпусының бос және уақытша бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына конкурс өткізбей ауысу тәртібіне өзгерістер енгізген еді.