Қазақстандық зілтемірші Азия чемпионатында бесінші орын алды

АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстан құрамасы ауыр атлетикадан Үндістанның Гандинагар қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатындағы жарыс жолын бастады.

Фото: ҚР ҰОК

Ел құрамасынан алғашқы болып Петр Хребтов сынға түсті. 79 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық спортшы бесінші орынға ие болды. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 335 (150 185) келіні еңсерді.

Алтын медальді Солтүстік Корея өкілі Ри Рён Хён жеңіп алды - 364 (158 206) келі. Екінші орынды тағы бір солтүстіккореялық Ри Чон Сон иеленді - 358 (161 197) келі. Қола жүлде қытайлық Лу Найганға бұйырды - 345 (157 188) келі.

Бүгін, 15 мамыр күні, 88 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасынан Александр Уваров пен Әлібек Рахымберды бақ сынайды.

Айта кетейік, бүгін шайбалы хоккейден элиталық дивизионда әлем чемпионаты басталады.