Бұған дейін Threads әлеуметтік желісінде 2027 жылдың басынан бастап Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің азаматтары бір-біріне паспортсыз қатынай алады деген ақпарат тараған. Ол үшін жеке куәлік жеткілікті болатыны жазылған.
Kazinform тілшісі осы ақпаратқа қатысты Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдады.
Ведомствоның мәліметінше, бұл мәселе ТМҰ аясында талқыланған. Алайда тараптар әзірге ортақ келісімге келген жоқ.
— Қазіргі уақытта ТМҰ-ға мүше мемлекеттер арасында бұл бастаманы іске асыруға қатысты ортақ келісім жоқ. Сондықтан 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ТМҰ елдері азаматтарының жеке куәлікпен өзара қатынауына мүмкіндік беретін тәртіп енгізіледі деген ақпарат расталмайды, — деп хабарлады СІМ.
Жаңа тәртіптің қашан енгізілетіні әзірге белгісіз.
Айта кетейік, ТМҰ құрамына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді.
Қазақстан аталған елдердің барлығымен визасыз режим орнатқан. Бірақ жеке куәлікпен тек Қырғызстанға баруға болады. Қалған мемлекеттерге паспорт қажет.
Қазақстан мен Өзбекстан шекарадан жеке куәлікпен өту мүмкіндігін де талқылап жатыр. Қазір көрші елге бару үшін шетелдік паспорт қажет. Жаңа тәртіптің енгізілетін мерзімі анықталған жоқ.
Сонымен қатар Қазақстан азаматтары Арменияға жеке куәлікпен бара алады. Бұл мүмкіндік 2025 жылғы 22 қарашадан бастап қолданылады. Ол екі ел арасындағы тікелей әуе рейстеріне қатысты.
Жеке куәлікпен Астана — Ереван — Астана және Алматы — Ереван — Алматы бағыттарында ұшуға болады.
Бұған дейін Индонезия Қазақстан азаматтарына 30 күнге дейін визасыз жүруге мүмкіндік бергені хабарланған еді.
Сондай-ақ 15 қыркүйектен бастап Таиланд 93 елдің азаматтары үшін визасыз болу мерзімін 30 күнге дейін қысқартты. Олардың қатарында Қазақстан да бар.