Қазақстандықтар 11 елде QR-кодпен төлем жасау мүмкіндігіне ие болмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк 11 мемлекетпен QR-код арқылы трансшекаралық төлем жасау мүмкіндігін іске қосуды көздеп отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов мәлім етті.

Фото: Kazinform/ЖИ

— Біз пысықтап жатқан тізімде 11 мемлекет бар. Барлығын атап өтпей-ақ қояйын. Олардың қатарында Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан бар. Өткен аптада Қырғызстанмен, Үндістанмен меморандумға қол қойдық. Осы елдердің әрқайсысымен тиісті жол картамыз әзірленген, — деді Бинұр Жаленов Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Оның мәліметінше, жобаларды іске қосу мерзімі әр ел бойынша әртүрлі болады. Кейбір мемлекеттермен тестілеу және пилоттық жобаларды бастау 2026 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Мұндай жұмыстар Қытаймен жүргізіледі.

— Егер тестілеу мен пилоттық жоба сәтті өтсе, онда қазақстандықтар келесі жылы Қытайда кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы QR-кодпен төлем жасау мүмкіндігіне ие болады. Өз кезегінде Қытай азаматтары да Қазақстанда осындай мүмкіндік алады, — деді ол.

Бұған дейін елімізде QR-төлемдерді ҚҚС-тан босату мәселесі пысықталып жатқанын жазған едік.