Қазақстандықтар 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында кімге жанкүйер болады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан уақыты бойынша 11 маусымнан 12 маусымға қараған түні АҚШ, Канада және Мексикада футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты басталады. Kazinform тілшісі қазақстандықтардың қай құрамаларға жанкүйер болатынын анықтады.

Фото: ChatGPT

Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама ала алмады. Соған қарамастан, елде жаһандық футбол додасына деген қызығушылық жоғары. Қазақстандық жанкүйерлер әлеуметтік желілерде өз таңдауларын белсенді түрде талқылап жатыр. Пабликтерде, Instagram reels форматындағы видеоларда және спорттық Telegram-арналарда пікірлер бірнеше негізгі топқа бөлінген.

Ең басты трендтердің бірі — Өзбекстан құрамасын қолдауға арналған хэштегтер мен жазбалардың жаппай таралуы. Қазнетте Өзбекстан құрамасын қолдауға бағытталған ауқымды акция өріс алып, қолданушылар «шын жүрекпен жанкүйер боламыз» деген жазбаларды белсенді таратып жатыр.

Фото: Өзбекстан футбол қауымдастығы

Месси мен Роналдудың жеке жанкүйерлері де шет қалған жоқ. Дәстүрлі түрде Аргентина мен Португалия құрамаларын қолдайтын мыңдаған жанкүйер пікір қалдырып жатыр. Екі аңыз футболшы үшін де бұл әлем чемпионаты мансаптағы соңғы аккорд болуы мүмкін.

Фото: aa.com.tr

Сондықтан қазақстандық интернет қолданушылары арасында «Лео кубокты екінші рет көтере ала ма?» немесе «Роналду футболшы ретінде алғаш әрі соңғы рет әлем чемпионы атана ма?» деген тақырыптар қызу талқылана бастады.

Фото: sports.yahoo.com

Ірі спорттық медиа платформалардағы пікірлерге қарағанда, қазақстандықтардың бір бөлігі дәстүрлі фавориттерге — Бразилия, Франция, Англия, Аргентина, Португалия және Германия құрамаларына қолдау білдіреді.

Kazinform тілшісі тілдескен қазақстандықтар әлем чемпионатында қай құрамаларға жанкүйер болатынын айтты.

Алматы қаласының 32 жастағы Қайрат есімді тұрғыны екі құрамаға жанкүйер болатынын айтты. Алайда оның өкінішіне қарай, бұл екі команда топтық кезеңде бір топта өнер көрсетеді.

— Мен Португалия мен Өзбекстан құрамаларының жанкүйермін. Бірақ олар бір топта ойнайды. Менің көптеген досым Өзбекстанды қолдайды. Егер олар жақсы нәтиже көрсетсе, бұл қазақстандық футбол үшін де үміт сыйлайды деп ойлаймын. Көршілеріміз қалыптасқан стереотиптерді бұзады деп сенемін. Ал Португалия десе — Криштиану Роналду еске түседі. Бұл чемпионат оның мансабындағы Last dance of king болуы мүмкін, — деді ол.

Көкшетау қаласының 27 жастағы Айсұлу есімді тұрғыны футбол мен өзге де спорт түрлерін тұрақты түрде қадағалап отырады. Оның пікірінше, турнирді қабылдаушы елдердің құрамаларын да елемеуге болмайды.

— Қазіргі құрамына қарасақ, Испания мен Франция ең мықты командалардың қатарында. Маған Мбаппенің ойыны ұнайды. Бірақ өткен әлем чемпионатындағыдай тосын сый жасайтын команда да болуы мүмкін. Мен Франция мен Канада құрамаларына жанкүйер боламын, — деді ол.

Қазақстандық жанкүйерлер өздерінің таңдауларынан бөлек, әлеуметтік желілерде жұмыс кестесі мен матчтарды көру уақытын қалай үйлестіруге болатынын да талқылап жатыр. Уақыт айырмашылығына байланысты ойындардың көпшілігі Қазақстанда түнде немесе таңертең ерте көрсетіледі. Соған қарамастан, жанкүйерлер әлем чемпионатының матчтарын көру үшін ұйқыдан да бас тартуға дайын екендерін жазған.

Сондай-ақ интернет қолданушылары ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің Солтүстік Америкадағы қауіпсіздікке қатысты ұсынымдарын талқылап жатыр. Оның ішінде Мексикадағы денге қызбасы жөніндегі ескертулер мен визалық режим ерекшеліктері де бар.

Бұған дейін Қазақстаннан АҚШ, Канада немесе Мексикаға әлем чемпионаты матчтарына бару қанша тұратыны туралы хабарланған болатын.

Сонымен қатар әлем чемпионатының ашылуын қайдан көруге болатынын жазған едік.