19 шілдеден бастап екінші деңгейлі банктердің барлығы Банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне (БМТЖ) қосылуға міндетті. Осыдан кейін 2026 жылдың соңына дейін жүйеде тағы төрт жаңа сервис іске қосылатын болады. Соның бірі – маркетплейстерде сатып алған тауардың ақысын QR арқылы төлеу мүмкіндігі.
– Мұның басты артықшылығы – банк картасының деректерін енгізудің қажеті жоқ. «БМТЖ арқылы төлеу» батырмасын басасыз, содан кейін өз банкіңіздің қосымшасына өтіп, төлемді сол жерден растайсыз, - деді спикер.
Жыл соңына дейін іске қосылатын тағы бір сервис – Request to Pay. Ол әртүрлі банктердің клиенттері арасында төлемге шот ұсынуға мүмкіндік береді.
– Жыл соңына дейін Request to Pay сервисін енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл қызмет арқылы бір банктегі кәсіпкер басқа банктің клиентіне тікелей төлем шотын ұсына алады. Мысалы, BCC банк клиенттеріне қызмет көрсететін кәсіпкер Freedom Bank немесе кез келген басқа банктің клиентіне шот жібере алады, - деді Бинұр Жәленов.
Бұдан бөлек, жүйеде телефон нөмірі арқылы халықаралық ақша аударымдарын жүзеге асыру мүмкіндігі де енгізіледі.
– Қазірдің өзінде Қытай және Қырғызстан бағыттары бойынша техникалық жұмыстар жүріп жатыр. Үндістанмен, Біріккен Араб Әмірліктерімен меморандумдарға қол қойылды, Түркиямен жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта бұл бағыттардың қатары кеңейе береді, – деді банк төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ статикалық QR-кодтар арқылы төлем жасау сервисі іске қосылады. Бұл автотұрақтарда, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында немесе қоғамдық көлікте орналастырылған QR-кодтарды банк қосымшасымен сканерлеп, бірден төлем жасауға мүмкіндік береді.
Еске салайық, 17 шілдеде Қазақстанның ірі банктері тауарлар мен қызметтерге банкаралық QR арқылы төлем жасау сервисін іске қосты.
Айта кетейік, 19 шілдеден бастап бұл жүйеге қосылу еліміздегі барлық екінші деңгейлі банк үшін міндетті болмақ.