АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ұлттық банкі қазақстандық банкаралық мобильді төлем жүйесін басқа елдердің осындай жүйелерімен біріктіру жұмысын қолға алды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов Kazinform тілшісіне берген эксклюзив сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуына қарағанда, бұл бағыттағы серіктестер қатарында Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Қырғызстан, Үндістан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және Индонезия бар.
— Қазақстандықтар шетелде өздеріне үйреншікті банк қосымшасы арқылы сатушының QR-кодын сканерлеп, тауарлар мен қызметтер ақысын төлей алады. Дәл осындай мүмкіндік Қазақстанға келген шетел азаматтарына да беріледі, — деді Бинұр Жәленов.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжанның орталық банктері 2026 жылдың соңына дейін ұлттық QR-төлем жүйелерін біріктіру тетігін пысықтауға келіскенін хабарлаған едік.
Мейірман Лес
Еуразия ұлттық және Қазақ ұлттық университеттерін бітірген. Республикалық "Ұлан" газетінде, Baribar.kz, Holanews.kz, Zakon.kz, Tengrinews.kz, Massaget.kz, Ulysmedia.kz порталдарында журналист, продюсер, шығарушы/шеф/бас редактор қызметтерін атқарған. 2025-2026 жылдары Kazinform агенттігінің Алматыдағы меншікті тілшісі болып еңбек етті, қазір қазақ редакциясының шығарушы редакторы.