Қазақстандықтар коммуналдық қызметті онлайн бақылай алады

АСТАНА. KAZINFORM — Биылдан бастап елде қолданылған коммуналдық қызметтерді бақылап отыруға мүмкіндік беретін платформа іске қосылып жатыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова мәлімдеді.

Фото: Kazinform

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында Smart Turmys цифрлық жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл — ресурстарды есепке алу жүйелерімен біріктірілген, азаматтардың коммуналдық саламен ыңғайлы цифрлық интерфейс арқылы өзара іс-қимыл жасауына арналған бірыңғай платформа.

— «Smart Turmys» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметінің жұмысын ашық көрсетуге және тұтынуды бақылауды жеңілдетуге бағытталған, — деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

«Smart Turmys» жүйесі арқылы арқылы су, электр, жылу, газбен қамту және тұрмыстық қалдықтар қызметін қадағалауға болады. Қосымша eGov платформасы арқылы жұмыс істейді. Сонымен қатар жүйеге әр бағыт бойынша қызмет көрсетуші ұйымдар интеграцияланады. Атап айтқанда, келер 2 жылда елде коммуналдық саладағы құрылғыларды жаппай орнату және ресурстарды есепке алу жұмыстары жүзеге асады.

Айта кетейік, таяуда Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының жоспарын таныстырды.

Осыдан бұрын Павлодарда коммуналдық қызметті жаңғыртуға 13,6 млрд теңге жұмсалатынын жазғанбыз.

Дария Ғұмар