Қазақстандықтар не үшін үлкен қалалардан көшкісі келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда халықтың үлкен қалаларға жаппай көшу үрдісі біртіндеп өзгеруі мүмкін. Өйткені мегаполис тұрғындарының арасында қала сыртында немесе шағын елді мекендерде өмір сүруді қалайтындар көбейіп келеді.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Шикізат өндіретін емес, өмір сүруге қолайлы қалалар қажет

Бұл үрдістің кеңінен таралуы үшін өңірлерге қосымша қаржы бөлумен ғана шектелуге болмайды. Инфрақұрылымды дамытып, қызмет көрсету сапасын жақсарту және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау қажет. Сонда ғана шағын қалалар мен ауылдар ірі мегаполистерге балама бола алады. Ал урбанизация мен өңірлердің дамуы арасындағы тепе-теңдік қоғамның жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын көрсетеді.

Құрылтай депутаты Никита Шаталовтың пікірінше, бүгінде көптеген облыс орталығында ұқсас мәселелер бар. Ескі тұрғын үйлер көп болғанымен, жаңалары жеткілікті деңгейде салынып жатқан жоқ. Депутат құрылыс компанияларын тарту үшін тиімді жағдай жасау қажет деп есептейді. Атап айтқанда, жер телімдері мен инженерлік инфрақұрылымға қол жеткізуді жеңілдетіп, салықтық жеңілдіктер мен тұрғын үйге сұранысты ынталандыратын бағдарламаларды қарастыруды ұсынады.

Фото: видеодан алынған скрин

– Ең бастысы, облыс орталықтары мен қалаларды кен орындарының жанындағы жұмысшылар уақытша тұратын елді мекендерге айналдырмай, адамдардың тұрақты өмір сүруіне қолайлы мекен ретінде дамыту қажет, – деді депутат BIZDIÑ ORTA подкастында.

Осылайша, ірі қалалардан шалғай орналасқан елді мекендердің тіршілігі бір ғана өндіріс саласына немесе жақын маңдағы кен орындарына тәуелді болмауы тиіс. Оларда кәсіпорындар ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылуы қажет. Сондай-ақ тұрғындардың сол жерде тұрақтап, болашағын жоспарлауына мүмкіндік беретін жағдай жасалуы керек.

Интернет халықтың көші-қон бағытын өзгерте ала ма

Ал жақсы жұмыс пен жайлы өмірді шағын қаладан да табуға болса ше

Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев алдағы уақытта ірі қала тұрғындарының бір бөлігі шағын елді мекендерге қоныс аударуы мүмкін екенін айтады. Бұған баспана жалдау құнының қымбаттығы, үлкен қалалардағы қарбалас тіршілік пен адамдардың тыныш ортада өмір сүруге ұмтылысы әсер етуі ықтимал.

Сарапшы мұндай өзгеріске жол ашатын негізгі шарттардың бірі ретінде цифрлық инфрақұрылымды дамытуды атады.

– Егер интернет Астанада да, шалғай аудандарда да бірдей тұрақты жұмыс істесе, адамдар ірі қалаға тәуелді болмай, қашықтан еңбек етуге және цифрлық қызметтерді пайдалануға көбірек мүмкіндік алады, – дейді сарапшы.

Дегенмен интернеттің сапалы болуы ғана ауылға көшкісі келетіндердің санын арттыра алмайды. Отбасылар үшін жақсы мектеп пен қолжетімді медициналық көмек маңызды. Ал еңбекке қабілетті тұрғындарға тұрақты табыс табатын мүмкіндік қажет. Сондықтан интернет желісін дамыту ісі жайлы мектептер, ауылдық ауруханалар мен тұрғын үйлер салумен қатар жүргізілуі тиіс. Мемлекет те жаңа тұрғындарды қабылдауға қажетті жағдайды алдын ала жасауы керек.

Жергілікті билікке еркіндікпен бірге жауапкершілік те қажет

Шағын қалалардың тұрғындар үшін тартымды болуы тек қосымша қаржыға байланысты емес. Бөлінген қаражаттың қалай жұмсалатыны да маңызды. Жергілікті билік құрылыс компанияларын тартып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылым мәселелерін шеше алуы қажет.

Азамат Байғалиев өңір басшыларына көбірек дербестік беру қажеттігіне назар аударды. Осы орайда ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір басшы батыл шешім қабылдап, оның жауапкершілігін өз мойнына алуға дайын болуы керек деген сөзін еске салды.

Осылайша, өңірлерді дамыту үшін бірнеше мәселені қатар шешу қажет. Атап айтқанда, жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғын үй құрылысын жандандыру, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту және цифрлық мүмкіндіктерді кеңейту маңызды.

Егер мұндай жағдай тек мегаполистерде ғана емес, шағын қалалар мен ауылдарда да жасалса, қазақстандықтардың таңдау мүмкіндігі артады. Сонда адамдар мансап жолын қай жерде жалғастыратынын, балаларын қайда өсіретінін және болашағын қай өңірмен байланыстыратынын өз қалауы бойынша шеше алады.

Бұған дейін Kazinform агенттігі Астананың өмір сүруге қаншалықты қолайлы қала екенін халықаралық өлшемдер негізінде талдаған еді.