Қазақстандықтар өте аз қимылдай бастады – Зерттеу
АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстандық ғалымдар ересек тұрғындардың физикалық белсенділік деңгейін өлшеу жөнінде бұрын-соңды болмаған ауқымды зерттеу жүргізді. Көңіл көншітпейтін қорытындылар мен жағдайды түзету жолдары туралы Kazinform шолуынан оқыңыз.
Зерттеуде медицина саласындағы ғалымдар — Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Мақсат Шоранов, проректор Илдар Фахрадиев, Ғылыми-технологиялық парк жетекшісі Аяулым Ибраева Қазақстанның барлық өңірінен 18 бен 69 жас аралығындағы 6 720 адамға сауалнама жүргізген. Алынған нәтижелер ғалымдар күткеннен де алаңдатарлық болып шықты.
Зерттеу деректеріне сәйкес, қазақстандық ересектердің 19,7 пайызы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған физикалық белсенділіктің ең төменгі нормасын да орындамайды. Қарапайым тілмен айтқанда, әрбір бесінші адам денсаулыққа қауіп төндіретіндей деңгейде аз қозғалады. Мұндай қозғалыс тапшылығы жүрек-қан тамырлары ауруларының, инсульттің, екінші типтегі қант диабетінің және қатерлі ісіктің кейбір түрлерінің даму қаупін арттырады.
Салыстырмалы түрде, халықаралық зерттеулерге сәйкес, Қырғызстанда физикалық белсенділігі жеткіліксіз ересектердің үлесі шамамен 11 пайызды, Өзбекстанда — 16 пайызды, ал Тәжікстанда — 28 пайызды құрайды. Әлем бойынша орташа көрсеткіш — 23 пайыз. Бұл тұрғыда Қазақстан орта деңгейде тұр: өңірдегі ең нашар көрсеткіш емес, алайда ең үздіктердің де қатарына кірмейді.
ДДСҰ ересектерге аптасына кемінде 150-300 минут орташа қарқындағы физикалық белсенділікпен (жылдам жүру, велосипед тебу, белсенді үй шаруасы) немесе 75-150 минут жоғары қарқындағы қозғалыспен (жүгіру, футбол ойнау, баспалдақпен тез көтерілу) айналысуды, не болмаса осы екі нұсқаны үйлестіруді ұсынады. Бұл күніне небәрі 20-30 минут қана, алайда соның өзіне де бәрі бірдей жете бермейді.
Ал орта есеппен алғанда, қазақстандықтар күніне шамамен 2-3 сағат қозғалыс жасайды. Бұл көрсеткіш әсерлі көрінгенімен, ең бастысы — физикалық белсенділіктің қалай және қандай қарқынмен бөлінетіні.
Спорттың орнына көлік
Қазақстан тұрғындары үшін қозғалыстың негізгі көзі — бір жерден екінші жерге қатынау, яғни жаяу жүру мен велосипед тебу. Бұл күнделікті физикалық белсенділіктің шамамен жартысын құрайды. Екінші орында — жұмыс (шамамен үштен бірі), ал бос уақыттағы белсенділік, яғни спортпен шұғылдану мен белсенді демалысқа бар-жоғы 17 пайыз ғана тиесілі.
Басқаша айтқанда, көпшілігіміз қимылды спортқа уақыт бөлгендіктен емес, бір жерге бару немесе жұмыс істеу қажеттілігінен ғана жасаймыз. Ал денсаулық тұрғысынан алғанда, дәл бос уақыттағы жүйелі белсенділік аса маңызды. Ол күйзелісті азайтып, ұйқының сапасын жақсартады әрі жүрек жұмысын нығайтады.
Дәрігерлердің айтуынша, жүрек пен қан тамырлары үшін ең пайдалысы — бос уақыттағы қозғалыс: серуендеу, спортпен айналысу, би билеу. Ал ауыр физикалық еңбек, керісінше, ағзаны шамадан тыс қажытып, дәл осындай қорғаныш әсерін бермейді.
Қауіп тобына кімдер кіреді
Зерттеу бірқатар тұрақты заңдылықтарды анықтады.
* Әйелдер ерлерге қарағанда аз қозғалады. Ерлер арасында физикалық белсенділігі жоғары адамдар жиі кездессе, әйелдерде төмен деңгей басым. Әйелдер қозғалыс минуттарын негізінен жаяу жүру мен қатынаудан жинайды, ал спортпен шұғылдану мен ауыр дене еңбегі сирек кездеседі. Бұл көбіне тұрмыстық жүктеменің көптігімен және әйелдердің өзіне арналған уақыттан бас тартуға мәжбүр болуымен байланысты.
* 35 жастан кейін белсенділік біртіндеп төмендейді. Ең белсенді топ — 18-34 жас аралығындағы жастар. 35 жастан кейін негізгі назар жұмыс пен отбасыға ауысып, отырып өткізетін уақыт көбейеді, нәтижесінде ДДСҰ ұсынымдарына жете алмайтындардың үлесі артады. Ерекше осал топ — 55 жастан асқан адамдар, әсіресе әйелдер: бұл санатта қозғалысы жеткіліксіз жандардың үлесі ең жоғары.
* Мамандық пен отбасылық жағдайдың маңызы зор. Қозғалысы аз өмір салты көбіне мемлекеттік қызметшілерде, студенттерде және жұмыссыздарда кездеседі — яғни көп отыратын немесе күн тәртібі тұрақсыз адамдар арасында. Үйленгендер мен тұрмыстағылар арасында да физикалық белсенділіктің төмен деңгейі бойдақтарға қарағанда көбірек байқалады, себебі бос уақыттың едәуір бөлігі отбасы мен тұрмысқа жұмсалады.
* Өңірлер арасындағы айырмашылық айқын. Зерттеу нәтижелері өңірлер бойынша ДДСҰ ұсынған физикалық белсенділік деңгейін орындайтындар үлесінде елеулі айырмашылық бар екенін көрсетті. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы, Ақмола облысы және Астана тұрғындары Шымкент қаласының қатысушыларына қарағанда жеткілікті деңгейде қозғалғанын сәл жиірек атап өткен.
Жалпы алғанда, солтүстік және шығыс өңірлерде физикалық белсенді тұрғындардың үлесі жоғарырақ болса, кейбір оңтүстік және батыс аймақтарда қозғалысы жеткіліксіз адамдар көбірек.
Бұл жағдай өмір салтымен де, инфрақұрылыммен де байланысты: тығыз құрылыс, көлік қозғалысының көптігі, ыңғайлы тротуарлар мен веложолдардың жетіспеуі жаяу серуендеуді тартымсыз етеді.
Бұл денсаулық үшін нені білдіреді
Зерттеушілер тіркеген физикалық белсенділік деңгейі Қазақстанда адам өлімінің негізгі себептері саналатын аурулармен — жүрек-қан тамырлары дерттерімен, қант диабетімен және семіздікпен тығыз байланысты.
Халықаралық бағалауларға сәйкес, егер Қазақстандағы барлық ересек тұрғын физикалық белсенділікке қатысты ұсынымдарды орындаса, орташа өмір сүру ұзақтығы шамамен 0,8 жылға артуы мүмкін. Бұл тұтас ел ауқымында қарастырғанда аса қомақты көрсеткіш.
Сонымен бірге, қимыл-қозғалыстың аздығы денсаулық сақтау жүйесіне қосымша жүктеме артады: инфаркт, инсульт, қант диабетінің асқынуларын емдеуге кететін шығындар артады. Қаншалықты қозғалып жүргеніміз бұрыннан бері тек жеке таңдау мәселесі болудан қалды, енді бұл қоғамдық денсаулық пен экономиканың маңызды факторына айналды.
Мемлекет не істей алады
Зерттеу авторлары атап өткендей, адамдарды жай ғана «спортпен көбірек айналысуға» шақыру жеткіліксіз. Қозғалу жеңіл әрі қолайлы болатындай жағдай жасау қажет.
Ұсыныстар қатарында:
Жаяу жүргіншілер мен велосипед инфрақұрылымын дамыту — қауіпсіз тротуарлар, веложолдар, жарықтандыру жүйесін жақсарту;
«Белсенді жұмыс орны» бағдарламаларын енгізу — кеңселерде қысқа сергіту жаттығулары, отырып-тұруға арналған үстелдер, лифттің орнына баспалдақты қолдануды ынталандыру;
Аула ішіндегі және қоғамдық спорт алаңдарын қолдау, әсіресе спорт нысандары жеткіліксіз аудандарда;
Әйелдер мен егде жастағы адамдарға арналған арнайы бағдарламалар — қауіпсіздік пен жайлылықты ескере отырып, топтық жаттығулар, скандинавиялық серуен, би сабақтары.
Мұндай бастамалардың бір бөлігі қазірдің өзінде «Салауатты ұлт» мемлекеттік бағдарламасында және «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобалары аясында қамтылған. Алайда нақты нәтиже болуы үшін оларды кеңейтіп, тек ірі қалаларда ғана емес, барлық өңірде қолжетімді ету қажет.
Әр адам не істей алады
Дегенмен, ауқымды реформаларсыз да көп нәрсе өзімізге байланысты. Зерттеу көрсеткендей, негізгі мүмкіндік — бос уақыттағы белсенділікті арттыру болып отыр.
Күнделікті өмірге оңай енгізуге болатын бірнеше қағида мыналар:
* Жаяу жүруді көбейту. Бір-екі аялдаманы жаяу өту, жұмыстан кейін серуендеу, лифттің орнына баспалдақты пайдалану — мұның бәрі күніне қосымша ондаған минут қозғалыс береді.
* Қозғалысқа арналған «жеке 30 минутты» белгілеу. Жылдам жүру, жеңіл жүгіру, велосипед тебу, үй жағдайындағы жаттығулар немесе би — ұнайтын әрі ауыртпалық түсірмейтін кез келген нұсқа жарайды.
* Отырып өткізетін уақытты азайту. Компьютер алдында жұмыс істейтіндерге кемінде әр сағат сайын орнынан тұрып, арқа мен мойынға арналған жеңіл жаттығулар жасау пайдалы.
* Балалар мен ата-аналарды қолдау. Отбасылық серуендер, бірге саябаққа шығу, коньки тебу немесе велосипедпен серуендеу — бұл әрі қозғалыс, әрі бірлескен қарым-қатынас бола алады.
* Денсаулықты бақылау. Созылмалы аурулары бар адамдар үшін қозғалысты дәрігермен кеңесіп, жеңілдетілген бағдарлама арқылы бастау маңызды.
Қазақстан ең «қимылсыз» елдердің қатарында емес, бірақ босаңсуға да негіз жоқ. Әзірге әрбір бесінші ересек адам физикалық белсенділіктің ең төменгі деңгейіне жете алмай отыр, ал әйелдер мен егде жастағы адамдар арасында қозғалысы жеткіліксіз жандардың үлесі одан да жоғары. Бұл созылмалы аурулар мен мезгілсіз өлім қаупінің сақталып отырғанын білдіреді.
Жағдайды өзгерту үшін қозғалыс қалалық ортада, жұмыс процесінде және бос уақытта табиғи әдетке айналуы тиіс. Дегенмен жеке қадамның да маңызы зор, күніне жарты сағат жылдам жүру денсаулық сақтау жүйесіндегі барлық мәселені шешпесе де, нақты бір адамның денсаулығына елеулі әсер ете алады.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі жиі тұмауратудың себебін түсіндірген еді.