Институттың хабарлауынша, ел Президентіне деген сенім деңгейі былтырғы көрсеткіштен 3 пайыздық тармаққа — 86,7% дейін өскен.
— Сенімнің жоғары деңгейі негізінен енгізіліп жатқан өзгерістердің ұдайы қоғам назарында болуымен байланысты. Респонденттердің 65,8%-ы Президенттің бастамалары туралы ақпаратты тұрақты түрде немесе оқтын-оқтын алып тұрады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірқатар бастамасы, оның ішінде былтыр Қазақстан халқына Жолдауында айтылып, қазіргі уақытта іс жүзінде іске асырылып жатқан бастамалары азаматтар тарапынан қолдау тауып отыр, — деп түсіндірді ҚҚДИ.
Үшінші тоқсан қорытындысы бойынша ең көп қолдау тапқан үш бастама қатарына — бір палаталы Құрылтайға көшу, 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау, сондай-ақ «Ұлттық қор — балаларға» жобасы аясында тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім алуға қаражат аудару идеялары кірді.
Технологиялық даму, атом энергетикасы, білім мен ғылым саласындағы, сондай-ақ «Таза Қазақстан» аясында іске асырылатын бастамалар айтарлықтай қоғамдық қызығушылық тудырып отыр.
— Осылайша, қолдаудың жоғары деңгейі ел дамуының жалпы бағытына ғана емес, институционалдық құрылымға, жаңа технологияларға, адами капиталға және азаматтардың өмір сүру сапасына қатысты нақты шешімдерге де қатысты болып отыр. Жалпы алғанда, III тоқсанның нәтижелері мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейінің тұрақты сақталғанын және елдегі ахуалдың негізінен оң қабылданатынын көрсетеді, — дейді Қоғамдық даму институты.
Сауалнама 31 шілде мен 16 тамыз аралығында жүргізіліп, Қазақстанның 18 жастан асқан ересек тұрғындарының жынысы, жасы, елді мекен түрі және тұрғылықты өңірі бойынша құрылымын көрсететін ұлттық іріктеме негізінде 2 400 респондентті қамтыған.
Бұған дейін Қазақстанның Экономикалық зерттеулер институты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге мемлекеттік сапары аясында екі елдің экспорт-импорт көрсеткіштеріне шолу жасаған еді.