Ел азаматтарының жартысынан көбі ЖИ сервистерін қолданады - сауалнама

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтардың 51,1%-ы ChatGPT, Google Gemini, Midjourney және басқа да жасанды интеллект технологияларын қолданады. Бұл деректер ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесіне негізделген.

Фото: Kazinform

Сауалнамаға сәйкес, жасанды интеллектіні ең белсенді пайдаланатындар – жастар. 18-29 жас аралығындағы респонденттердің 76,2%-ы ЖИ сервистерін қолданатынын айтқан. 30-45 жас тобында бұл көрсеткіш 57,1%-ға дейін төмендейді. Жасы ұлғайған сайын технологияны пайдалану деңгейі азая түседі: 46-60 жас аралығындағы топта – 37,5%, ал 61 жастан асқан азаматтар арасында – 16,6%.

- Жастар цифрлық құралдарды көбіне оқу үрдісінде және өзін-өзі дамыту үшін қолданады (48,7%). Сондай-ақ мәтіндермен жұмыс істеу де кең таралған (44,2%). Орта жастағы респонденттердің сұраныстары да осы бағыттармен сәйкес келеді. Ал 61 жастан асқан азаматтар үшін ЖИ негізінен ақпарат іздеу құралына айналып отыр: бұл топтың 40,8%-ы жасанды интеллектті іздеу жүйесі ретінде пайдаланады, - делінген институт дерегінде.

Зерттеу гендерлік және әлеуметтік-демографиялық айырмашылықтарды да көрсетті. Әйелдер жасанды интеллект сервистерін ерлерге қарағанда жиі қолданады (54,6% және 46,6%). Қала тұрғындары технологияны ауыл халқына қарағанда белсендірек пайдаланады: тиісінше 53,2% және 47,9%. Бұл қаладағы цифрлық инфрақұрылымның қолжетімділігімен түсіндіріледі.

Білім деңгейі де маңызды факторлардың бірі. Жоғары білімді респонденттердің 64,2%-ы ЖИ сервистерін қолданса, орта білімді азаматтар арасында бұл көрсеткіш 37,7%-ды құрайды.

Сарапшылардың пікірінше, бұл білім деңгейінің жаңа технологияларды меңгеруге ықпалын айқын көрсетеді.

Сауалнама ҚСЗИ тапсырысымен 2025 жылғы 3 қазан – 5 қараша аралығында өткізілген. Оған 17 облыс пен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 8 мың респондент қатысқан.

Айта кетейік, Астанада жасанды интеллектінің көмегімен жасалған алғашқы спектакль қойылды.