Қазақстандықтардың жеке деректері қалай қорғалады

АСТАНА. KAZINFORM – Жеке дерек тараған жағдайда азаматтар құқығын қалай қорғай алады және мұндай қауіптің алдын алу үшін мемлекет қандай цифрлық шешімдер ұсынып отыр? Kazinform тілшісі осы мәселелерді зерделеді.

Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Қандай қауіп бар?

F6 компаниясының есебіне сәйкес, өткен жылы қазақстандықтардың дербес деректері бар 25,9 млн-ға жуық жазба ашық дереккөздерге шыққан. Оның 16 миллионы маусымда анықталған ірі деректер базасына тиесілі. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында осындай 12 жағдай тіркеліп, таралған деректер көлемі шамамен 1,3 млн жазбаны құраған. Оның 79 пайызы мемлекеттік секторға қатысты.

Жеке деректердің таралуына қатысты кезекті ақпарат биыл тамызда пайда болды. Көлеңкелі интернет-форумдардың бірінде көлемі 2,7 ГБ архив сатылымға шығарылып, сатушы оның ішінде 15 млн адамға қатысты 47 млн жазба бар екенін мәлімдеген. Сондай-ақ деректер eGov жүйесін бұзу арқылы алынғанын айтқан.

Алайда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ұсынылған үлгілерді тексеріп, олардың мемлекеттік ақпараттық жүйелердің құрылымына сәйкес келмейтінін хабарлады. Қазір полиция архив сатушысын іздестіріп жатыр. Ал сарапшылар мәліметтер бұрын таралған деректер негізінде жинақталуы мүмкін деп болжайды.

Деректердің таралуы құпиялылыққа ғана емес, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Заң ғылымдарының кандидаты, профессор Серік Ақылбайдың айтуынша, ұрланған мәліметтер көбіне алаяқтық схемаларда қолданылады.

– Жеке деректер жайдан-жай ұрланбайды. Оны белгілі бір мақсатта пайдаланады. Кей жағдайда адамдардың банктік шоттарына қол жеткізуге тырысады. Сондықтан кез келген азамат өз мәліметтерін кімге және қандай мақсатта беріп жатқанын түсінуі керек, – деді ол.

Фото: senate.parlam.kz

Профессор мұндай қауіптің алдын алу үшін азаматтардың құқықтық сауатын арттыру қажет екенін атап өтті.

– Құқықтық мәдениетімізді көтеруіміз керек. Әркім өз құқығын білуге міндетті. ЖСН немесе басқа да жеке мәліметтерді негізсіз талап еткен жағдайда оның себебін сұрау қажет. Азаматтар сақ болған сайын мұндай қауіптердің алдын алуға мүмкіндік артады, – деді заңгер.

Азаматтардың бұл мәселеге қатысты шағымдары аз емес. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің дербес деректерді қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасына екі мыңнан астам өтініш түскен. Олардың басым бөлігі жеке ақпараттың заңсыз таралуына, сондай-ақ оны тиісті құқықтық негізсіз немесе азаматтардың келісімінсіз жинау мен өңдеуге қатысты.

Конституциялық кепілдік пен азаматтың құқықтары

Жеке деректердің таралу қаупі күшейген тұста оларды қорғаудың құқықтық негізін нығайту да маңызды. Биыл қабылданған жаңа Конституцияның 21-бабында жеке өмірге қол сұғылмаушылық, жеке және отбасылық құпияны сақтау, сондай-ақ дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан, соның ішінде цифрлық технологиялар арқылы қорғау құқығы бекітілді.

Жауапты министрліктің түсіндіруінше, норма конституциялық кепілдік береді.

– Бұл жеке деректермен жұмыс істейтін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жауапкершілігін арттырады және заңнаманы, мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен цифрлық сервистерді әзірлеу кезінде адамның жеке өміріне деген құқығын ескеруді талап етеді, – деп хабарлады ведомство.

Конституциялық кепілдік қолданыстағы қорғау тетіктерін алмастырмайды, олардың құқықтық негізін күшейтеді. Бұл талап мемлекеттік ақпараттық жүйелерге ғана емес, мобильді қосымшаларға, сайттарға, әлеуметтік желілерге, маркетплейстер мен басқа да онлайн-сервистерге де қатысты.

Осы бағытта дербес деректер саласындағы заңнамаға да өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, өңделетін ақпарат көлеміне қарай деректердің меншік иелері мен операторларын шағын, орта және ірі санаттарға бөлу, сондай-ақ ірі операторлардың тізілімін қалыптастыру көзделген. Ірі операторлар деректерді өңдеуді бастағаны немесе тоқтатқаны туралы уәкілетті органға хабарлауға міндетті.

Сонымен қатар мәліметтерді бүркемелеу талаптарын енгізу, оларды бақылаусыз көшіруді шектеу, деректер қауіпсіздігі бұзылған жағдайда азаматтарға хабарлау тәртібін жетілдіру қарастырылған. Бұл шаралар ақпараттың өңделуінен бастап сақталуына дейінгі кезеңде қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Фото: Kazinform / ЖИ

Азаматтың өзі де жеке деректеріне қатысты заңды құқықтарын пайдалана алады. Атап айтқанда, ол ақпаратты жоюды талап етуге немесе оны өңдеуге берген келісімін кері қайтарып алуға құқылы. Дегенмен заңда көзделген міндеттер мен өзге де құқықтық негіздер болған жағдайда ұйым кейбір мәліметтерді сақтауды жалғастыра алады.

Егер жеке деректер заңсыз жарияланса, азамат алдымен осы жағдайды растайтын дәлелдерді жинауы керек. Министрлік мамандары ақпарат жарияланған парақшаның немесе хабарламаның скриншотын жасап, интернет-ресурс сілтемесін, оқиға анықталған күн мен уақытты сақтауға кеңес береді. Ұйыммен бұрын хат алмасқан болса, оны да тіркеген жөн.

Келесі қадам – интернет-ресурс иесіне, деректердің меншік иесіне немесе операторына хабарласып, заңсыз жарияланған ақпаратты жоюды талап ету. Егер мәселе шешілмесе немесе деректер заңнаманы бұза отырып жиналып, таратылса, азамат дәлелдерді қоса тіркеп, eOtinish платформасы арқылы министрліктің Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне өтініш бере алады.

Бұл ретте жауапкершілік тек азаматқа жүктелмейді. Дербес деректер қауіпсіздігі бұзылған жағдайда олардың меншік иесі немесе операторы бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органға хабарлауға міндетті. Сондай-ақ оқиғаның себептері мен ауқымын анықтап, рұқсатсыз қол жеткізуді тоқтатуға, кемшіліктерді жоюға және ықтимал салдарды азайтуға тиіс. Азаматтарға да eGov порталындағы жеке кабинеті немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы тиісті хабарлама жіберіледі.

Дербес деректер туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-640 баптары мен Қылмыстық кодекстің 147-бабында тиісті жауапкершілік нормалары белгіленген. Құқық бұзушылықтың түрі мен салдарына қарай кінәлі тұлғаларға заңда көзделген шаралар қолданылады.

Цифрлық тетіктер

Құқықтық кепілдіктермен қатар, азаматтардың жеке ақпаратын бақылауға және цифрлық қауіпсіздігін күшейтуге арналған сервистер де енгізіліп жатыр. Олар деректердің таралуын анықтауға, оларды пайдалануды бақылауға және алаяқтық тәуекелін азайтуға көмектеседі.

Мәселен, NomadGuard платформасы арқылы жеке деректердің интернетке таралған-таралмағанын тексеріп, фишингтік сілтемелерді анықтауға болады. Ал eGov Mobile қосымшасындағы «Стоп-кредит» қызметі азаматқа өз атына несие рәсімдеуге ерікті түрде тыйым салуға мүмкіндік береді. Дербес деректерге қолжетімділікті бақылау сервисі арқылы қай ұйымдарға мәліметтерін өңдеуге келісім бергенін көруге және қажет болған жағдайда келісімді кері қайтарып алуға болады.

Цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде техникалық құралдармен қатар, азаматтардың кибергигиена дағдыларын қалыптастыру да маңызды. Осы мақсатта тегін білім беру ресурстары іске қосылған.

– Азаматтардың киберқауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру үшін тегін білім беру ресурстарыіске қосылған. Мәселен, UNICEF ұйымымен бірлесіп әзірленген eGov платформасындағы онлайн курс балалар мен ата-аналарға кибербуллингтен қорғану, онлайн-грумингтің алдын алу, дербес деректерді сақтау және интернетті қауіпсіз пайдалану жолдарын үйретеді. Бұдан бөлек, CitizenSec платформасында азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге арналған кибергигиена негіздері бойынша тегін курстар бар, – деп толықтырды ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев.

Алайда азаматтарға арналған сервистердің тиімділігі олар жұмыс істейтін инфрақұрылымның қауіпсіздігіне де тікелей байланысты. Заң талаптарына сәйкес, қазақстандықтардың жеке деректері еліміздің аумағында орналасқан деректерді өңдеу орталықтарында өңделуі тиіс.

Фото: Дияс Ілиястың жеке мұрағатынан

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жасанды интеллект инженері Диас Ілиястың айтуынша, мемлекеттік цифрлық жүйелерді әзірлеу мен жаңарту кезінде ақпараттық қауіпсіздікке ерекше мән беріледі.

– Цифрландырудың басты мақсаты – мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі қолжетімді ету ғана емес, сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сондықтан жаңа цифрлық шешімдерді енгізу алдында олардың қауіпсіздігіне қатысты ішкі тексерулер жүргізіледі. Бұл ретте тиісті сертификаттау талаптары мен сыртқы аудит нәтижелері де ескеріледі. Осындай шаралар азаматтардың жеке деректерінің қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған, – деді ол.

Айта кетейік, 11 желтоқсанда Құрылтайда цифрландыру жөнінде тыңдау өтеді.