НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық әйел Әнел Сытдықова АҚШ-та 48,5 шақырым қашықтықты жүзіп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың мәлім еткеніндей, қазақтың темір ханшайымы атанған Әнел Нью-Йорк қаласында Манхэттен аралы айналасында 28,5 миль (48,5 км) қашықтықты тоқтамастан жүзіп өткен.
Жүзу үш өзен, соның ішінде Гудзон арқылы өтеді. Сондай-ақ 20 көпірдің көпшілігі Манхэттен мен Бронкс аралығында орналасқан.
Батыс Қазақстан облысында туып-өскен Әнел Сытдықова бұдан үш жыл бұрын Ла-Манш бұғазын (38 шақырым) тоқтамастан 15 сағат 15 минутта жүзіп өткен еді.
«Қазіргі кезде қызым балалары Оксфордта оқып жатқандықтан, күйеубалам Нұрланмен бірге сонда тұрып жатыр», -деді ҚазАқпарат тілшісіне Әнелдің әкесі Әлібек Сытдықов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ә.Сытдықованың АҚШ-та тағы осындай екі ұзақ қашықтықты жүзіп өткісі келетіні туралы жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Ла-Маншты жүзіп өткен қазақстандық әйелге қос бірдей марапат табыс етілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).