АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық балуан Азамат Дәулетбеков АҚШ-тың Айова штатындағы Коралвилл қаласында еркін күрестен өткен әлем кубогі жарысында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-дан мәлім еткеніндей, Азамат 86 келіге дейінгі салмақта әлем құрамасы сапында кілемге шықты.
Әлем құрамасы бәсекені екінші айналымнан бастады. Онда А.Дәулетбеков жапониялық Тацуия Шираиды 9:1 есебімен тізе бүктірді. Дегенмен жартылай финалда ирандық Әлиреза Мұхаммед Каримимачианиге жол берді.
Азамат қола жүлде үшін белдесуде грузиялық Сандро Аминашвилиді 8:2 есебімен ұтып, үздік үштікке ілікті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын үстел теннисінен Алан Құрманғалиевтің әлем чемпионатында алтынға қоса қола медаль жеңіп алғанын жазған болатынбыз.
Фото: www.instagram.com/drs_kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).