Қазақстандық қос боксшы әлем чемпионатын жеңіспен бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионатын Талғат Сырымбетов пен Айбек Оралбай жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фото: Спортты дамыту дирекциясы
Дүниежүзілік додаға алғаш рет қатысып отырған 22 жастағы Талғат Сырымбетов 60 келіге дейінгі салмақта таиландтық Сакда Руамтхаммен жұдырықтасты.
Талғат үш раунд бойы шабуылдап, төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті.
Т.Сырымбетов 1/16 финалда өткен жылғы Азия чемпионы, иорданиялық Мохаммед Абу-Джаджехпен рингке шығады.
Айбек Оралбай 92 келіге дейінгі салмақта 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, болгариялық Радослав Панталеевпен шеберлік байқасты.
Айбек бірінші раундта-ақ қарсыласын нокдаунға жіберді. Қазылар есебі – 5:0.
А.Оралбайдың келесі қарсыласы да осал емес. Ол 1/16 финалда өткен жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, италиялық Азиз Аббес Мухийдинмен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әлем чемпионатында қазақстандық боксшылардың алғашқы қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).