АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар, қарағандылық Зәуреш Ақашева мен шымкенттік Сарвиноз Миркадирова үстел теннисінен әлем чемпионатына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық олимпиада комитетінен мәлім еткеніндей, З.Ақашева мен С.Миркадирова ITTF рейтингісі бойынша 20-28 мамырда Оңтүстік Африка Республикасының Дурбан қаласында өтетін дүниежүзілік додада бақ сынайтын болды.
Олар жекелей есепте өнер көрсетеді. Зәуреш сондай-ақ жұптық және аралас сында шеберлік байқасады.
Бұдан бұрын жылдың басты додасына Кирилл Герасименко (Астана, жекелей және жұптық сын), Алан Құрманғалиев (Қарағанды, жұптық сын), Айдос Кенжеғұлов (Алматы, аралас сын), Денис Жолудев, Сағынтай Құрмамбаев (Өскемен, екеуі де жұптық сын) және Анастасия Лаврова (Астана, жұптық сын) жолдама алған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандықтардың үстел теннисінен Черногориядағы турнирде өнер көрсететінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).