АСТАНА. ҚазАқпарат – Бокстан 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық Махмуд Сабырхан чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан құрлықтық додада 57 келіде сынға түсіп жатқан Махмуд Сабырхан таиландьық Саравут Суктхетпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек тартысты өтті. Төрешілер шешімі екіге бөлінді. Нәтижесінде басым дауыспен қазақстандық боксшы жеңімпаз атанды.
Айта кетсек, Махмуд ересектер арасында 2022 жылғы Азия чемпионатында күміс жүлде алған еді. Оның шеберлігіне тәнті болған шетелдік басылымдар оған «Казақ Ломаченкосы» деген баға берген болатын.
Сондай-ақ, бүгін құрлықтық додада Санжар Тәшкенбай (48 келі) мен Нұрсұлтан Алтынбек (54 келі) жеңіс тұғырына көтерілді.
Еске салсақ, бұдан бұрын бокстан жастар арасында Азия чемпионатында қазақстандық қыздар құрамасы үздік үштікті түйіндеді.
Фото:prosports.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.