Қазақстандық оқушылар физикадан халықаралық олимпиадада бес медаль иеленді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық оқушылар Токиода өткен физикадан халықаралық олимпиадада төрт күміс, бір қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: Министерство просвещения РК

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жарысқа әлемнің 83 елінен 415 оқушы қатысқан. Қазақстандық оқушылар төрт күміс, бір қола жүлдеге ие болып, үздік нәтиже көрсетті:

Ерсұлтан Пітебай – Алматы қаласындағы ДББҰ «ФМБ НЗМ» оқушысы;

Алишер Еркебаев – Ақтөбе қаласындағы ДББҰ «ФМБ НЗМ» оқушысы;

Марғұлан Нұрсағатов – Алматы қаласының №165 мамандандырылған лицейінің оқушысы; Досжан Бисимби – Алматы қаласының «Мирас» халықаралық мектебінің оқушысы;

Даир Нұртаев – Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебінің 11 сынып оқушысы;

Құрама команданың жетекшілері – PhD докторы, Сүлейман Демирел атындағы университеттің доценті Самат Мақсұтов және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Андрей Сидоренко.

«Оқушылардың білімі мен дағдылары екі тур бойынша сыналды. Бірінші тур теориялық есептер, екінші тур – эксперименттік. Онда қатысушылар зертханалық жұмыстар жүргізді. Барлық тапсырма қызықты және мазмұнды болды. Олардың шешімі тапқырлық пен рефлексияны қажет етті. Біздің құрама тамаша нәтиже көрсетті», - дейді команданың ғылыми жетекшісі Самат Мақсұтов.

Олимпиадаға қатысқан барлық жылдары қазақстандық оқушылар 114 марапатқа ие болды. Оның ішінде 14 алтын, 45 күміс, 29 қола медаль және 25 құрмет грамота бар.