НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге Кливленд (АҚШ) WTA 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина мен А.Крунич ширек финалда жапониялық Мию Като – индонезиялық Алдила Сутджиадимен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық-сербиялық жұп басымдылық танытты – 6:2.
Екінші сетте жапониялық-индонезиялық дуэт тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:4).
Супер тай-брейкте А.Данилина мен А.Крунич жеңісті жұлып алды – 10:7.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық-сербиялық жұп 2 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың жартысын мүлт жібермеді.
А.Данилина мен А.Крунич финалға шығу үшін доданың 1-ракеткалары, чехиялықтар Барбора Крейчикова – Катерина Синяковамен таласады.
Тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин АҚШ ашық чемпионаты іріктеу сайыстарының финалына шыға алмады. Ол испаниялық Фернандо Вердаскоға жол берді – 6:7 (4:7), 3:6. Енді Ф.Вердаско ресейлік Павел Котовты жеңсе, негізгі турнирге өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың АҚШ ашық чемпионатының іріктеу сайысында жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).