Дмитрий Попко АҚШ ашық чемпионатының іріктеу сайысында жеңіліп қалды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Дмитрий Попко АҚШ ашық чемпионаты іріктеу сайысының финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 236-орында тұрған Д.Попко іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 114-ракеткасы, словакиялық Норберт Гомбошпен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда словакиялық спортшы 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде Д.Попко дәл сондай есеппен есе қайырды.

Үшінші, шешуші сетте словакиялық сенімді ойнады – 6:2.

Екі сағат 14 минутқа созылған матчта Дмитрий 11 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыласы 7 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды.

Осылайша, Д.Попко тағы бір «Үлкен дулыға» турнирінен тыс қалды.

Михаил Кукушкин АҚШ ашық біріншілігі іріктеу сайыстарының жартылай финалында испаниялық Фернандо Вердаскомен кортқа шығады.

Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев Нонтхабури (Таиланд) челленджер жарысының ширек финалына өте алмады.

Д.Евсеев екінші айналымда франциялық Кириан Жакеге жол берді – 7:6 7:2), 6:7 (4:7), 0:3. Үшінші сетте Денис жарақатына байланысты матчты жалғастыра алмады. Бұл ойын 2 сағат 30 минутқа созылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің АҚШ ашық чемпионатының іріктеу сайысын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар