НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында АҚШ-тағы ITF сериясындағы W60 Charlottesville турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Доданың 1-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина аустралиялық Арина Родионовамен бірге жарыс барысында барлық кездесуінде де жеңіске жетті.
Финалда қазақстандық-аустралиялық жұп жаңазеландиялық Эрин Рутлиф – индонезиялық Алдила Сутджиадимен бас жүлдені сарапқа салды.
А.Данилина мен А.Родионова 1 сағаттан сәл астам уақытқа созылған матчта қарсыластарын 6:1, 6:3 есебімен ұтты.
Бұл – қазақстандық теннисшінің жұптық сындағы биылғы екінші табысы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Мадрид турнирін жеңіспен бастағанын, қазақстандық жасөспірім теннисшінің Черногорияда жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бубликтің Мадрид мастерс турниріндегі қарсыласы анықталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).