НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Братислава (Словакия) челленджер турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші украиналық Денис Молчановпен бірге жартылай финалда бразилиялықтар Орландо Луж – Рафаэль Матоспен кездесті.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық-украиналық жұп 6:4, 6:4 есебімен екі сетте жеңіске жетті.
Бәсеке 1 сағаттан астам уақытқа созылды.
А.Недовесов пен Д.Молчанов финалда нидерландылық Сандер Арендс – венесуэлалық Луис-Давид Мартинеспен бас жүлдені сарапқа салады. Бұл жұп жартылай финалда тунистік Малик Жазири – словениялық Блаж Роланы 6:4, 6:1 есебімен қапы қалдырды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Недовесовтің жұптық сында Братислава турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Тимофей Скатов Алматы турнирінің жартылай финалына шықты. Ал Дмитрий Попко турнирдің бірінші ракеткасын ұтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).