НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы Ұлттық теннис орталығы корттарында ерлер мен әйелдер арасында ITF сериясы бойынша M/W25 турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, жалпы жүлде қоры 50 мың АҚШ долларына бағаланған жарыста Бейбіт Жукаев ширек финалға жолдама алды.
Ақтау теннис мектебінің түлегі екінші айналымда тағы бір қазақстандық, 18 жастағы Ислам Орынбасарды 6:3, 3:6, 6:2 есебімен ұтты.
Б.Жукаев жартылай финалға шығу үшін жапониялық Синтаро Имаимен таласады.
Жастардан ересектер қатарына өткен Исламның да дода барысында жақсы өнер көрсеткенін атап өткен жөн.
Денис Евсеев жұптық сында жартылай финалға шықты. Ол Беларусь өкілі Иван Лютаревичпен бірге белоруссиялықтар Александр Леоненко - Эрик Арутюнянды ұтты - 6:2, 6:4.
Әйелдер арасында Қазақстаннан ешкім қалған жоқ. Енді олар 18 шілдеде басталатын Президент кубогына әзірленеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Ньюпорт турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Швециядағы жарыстың жартылай финалына өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).