АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар, 17 жастағы Асылжан Арыстанбекова мен Дана Байдәулет Түркияның Анталья қаласында ITF World Tennis Tour W15 жарысының финалисі атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисшілер жұптық сында финалда турнирдің үшінші ракеткалары, нидерландылық Мерель Хоед – италиялық Мириан Тонаға жол берді – 4:6, 4:6.
Team Kazakhstan академиясының аға бапкері Ирина Чичмареваның айтуынша, бұл – олардың ересектер арасындағы алғашқы жетістігі.
«Финалда жеңіліп қалғанына қарамастан, Асылжан мен Дана бір апта бойы табысты өнер көрсетті. Соңғы бәсекеге дейін олар доданың екінші және төртінші ракеткаларын ұтты. Сондықтан біз дұрыс бағыттамыз деп есептейміз. Ұдайы жаттыға білсек, бұдан да биік шыңды бағындыруға болады», деді И.Чичмарева.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің Рим турнирінің финалында жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).