АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Ева Корышева Еуропадағы үздік 50 ойыншының қатарына кірді. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық теннис федерациясы (ITF) мен Еуропа теннис қауымдастығы (TE) жасөспірімдер арасында жаңартылған рейтингіні жариялады.
Tennis Europe рейтингісінде 14 жасқа дейінгі қыздар арасында Ақтөбе теннис мектебінің түлегі Ева Корышева 61-ден бірден 45-орынға көтерілді. Томирис Нұржан 118-інші, Еркежан Жаңатаева 199-сатыда тұр.
Ұлдар арасында астаналық Ярослав Пшеничный 73-орында болса, Роберт Каминский 149-дан 99-ға шығып, ТОП-100-ге енді. Михаил Мищенко 128-сатыда.
ITF жасөспірімдер рейтингісінде Сандуғаш Кенжебаева – 87, Асылжан Арыстанбекова – 128, Дана Байдәулет – 148, Айя Нұпбай 159-орында келеді. Бозбалалар арасында Ерасыл Ерділдә – 118, Максим Батютенко – 123, Виталий Зацепин – 200, Илья Маратұлы – 277, Әмір Омарханов 283-орында. Заңғар Нұрланұлы 933-тен бірден 844-ке жоғарылады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын үш қазақстандық теннисшінің жұптық сында Астанадағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).