АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық, 17 жастағы Аружан Сағындықова Түркияның Анталия қаласында ITF World Tennis Tour W15 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Team Kazakhstan академиясының түлегі А. Сағындықова қытайлық Ю-Юн Лимен бірге жұптық сында үздік шықты.
Қазақстандық-қытайлық жұп финалда ресейліктер, апалы-сіңлілі Анастасия мен Рада Золотареваларды тартысты бәсекеде тізе бүктірді – 7:5, 3:6, 10:4.
Аружан жекелей сында да тым-тәуір өнер көрсетіп, ширек финалға дейін жетті.
«Қуанышымда шек жоқ, өйткені ересектер арасындағы ITF жарысында алғашқы титулыма қол жеткіздім. Сондықтан, бүгін мен үшін ерекше күн болды. Маған сенім артып, қолдаған Болат Өтемұратов бастаған Қазақстан теннис федерациясына, бапкерім Руслан Мухамедзяновқа алғысымды айтамын», - деді марапаттаудан соң Аружан Сағындықова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 17 жастағы қазақстандық теннисшінің Түркиядағы жарыстың финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).