АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Ева Корышева Ыстанбұл қаласында өткен 14 жасқа дейінгілер арасындағы екінші санатты Tennis Europe турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, беделді додаға Еуропаның 64 спортшысы қатысып, бақ сынады.
Ақтөбе теннис мектебінің түлегі Е. Корышева жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелді. Ол финалда Чехияның осы жастағылар арасында 9-ракеткасы Яна Ковачкованы 6:1, 7:6 есебімен ұтты. Осылайша, Ева спорттық жолында жекелей сында Tennis Europe турнирінде үшінші рет үздік шықты.
Е. Корышева қазіргі кезде Еуропа теннис федерациясының рейтингісінде 61-орында тұр. Түркиядағы жеңісі арқасында сейсенбіде жаңартылатын рейтингіде жоғары көтерілмек.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Франциядағы Марсель турнирінің финалына өте алмағанын жазған болатынбыз.
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).