НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Асылжан Арыстанбекова, Айя Нұпбай және Ерасыл Ерділда жұптық сында Өзбекстанда 18 жасқа дейінгілер арасында өткен үшінші санаттағы ITF турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, А.Арыстанбекова мен А.Нұпбай финалда жарыстың 1-ракеткалары, қырғызстандық Владислава Андреевская – ресейлік Влада Минчеваны ұтты – 1:6, 6:4, 10:5.
Осылайша, А.Арыстанбекова мен А.Нұпбай екеуі бірге жасөспірімдер арасында ITF жарысында алтыншы титулына қол жеткізді.
Жекелей сында Асылжан финалға дейін жетті. Ресейлік Влада Минчевамен өткен ойында бірінші сеттен кейін А.Арыстанбекова аздаған жарақат алып, бапкерімен ақылдасқаннан кейін матчты тоқтатуды жөн көрді. Сөйтіп жұптық сындағы соңғы бәсекеге басымдық берді.
Бозбалалар арасында Ерасыл Ерділда да жұптық сында чемпион атанды. Ол ресейлік Артем Алексейчукпен бірге финалда үш партияға созылған матчта доданың 1-ракеткалары, оңтүстіккореялық Ву Хюк Чанг – үндістандық Юван Нандалды тізе бүктірді – 4:6, 6:4, 10:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Варшава турнирінің финалына шыққанын , Уимблдон чемпионы Елена Рыбакинаның Сан-Хосе жарысындағы қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).