Ерсұлтан Руслан қазір Ақтөбе облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Ол үнемі ем алуы тиіс. Бауыр церрозы дертіне шалдыққан баланың үнемі дене қызуы көтеріледі, іші ауырады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, сәбидің анасы Шынар Қоштанбекова баласына донор болып, бауырының бір бөлігін беретін адамды іздейтінін мәлімдеді. Себебі, кішкентай Ерсұлтанға анасы мен әкесінің бауыры сәйкес келмей шықты. Әрі қан тобы І топ, теріс резус болуы тиіс. Бұл өте сирек кездеседі.
«Қазақстандықтар жан-жақтан хабарласып, өз көмегін ұсынып жатыр. Бірақ баламның қан тобы сирек кездеседі. Жігіттер де хабарласты. Оларға алдымен қан тобын анықтауды сұраймыз, резус-факторы өте маңызды. Үлкен үміт күтеміз. Хабарласып, біздің жағдайымызды сұрайтындар өте көп», - деді Шынар Қоштанбекова.
Айта кетейік, кішкентай Ерсұлтан Руслан республикалық реестрге тіркелген. Егер донор табылса, ота жасалады.