«Жалпы, бес жылда қаруды өз еркімен тапсырған адамдарға 1 млрд 418 млн теңге төленді. Ақшаны алғандардың саны 38 мың адамды (әрқайсысына шамамен 37 315 теңгеден келеді - авт.) құрады. Аталған шаралардың тиімділігі зор. Жыл сайын қару-жарақпен қылмыс жасау көрсеткіші төмендеп келеді. Жалпы, ондай қылмыстар 45 пайызға азайды», - деді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Байболов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның айтуынша, бүгін, 10 сәуірден бастап заңсыз қару-жарақты сатып алу бойынша кезекті акциясы басталды. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 125 млн теңге бөлінді. «Қару-жарақты өз еркімен тапсыру туралы министрдің арнайы бұйрығы да бар. Оған сәйкес, заңсыз қаруды тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылмайды. Осыған байланысты барлық азаматтарды заңсыз қару-жарақты тапсыруға шақырамын», - деп атап өтті М.Байболов.
Айта кетейік, бүгінгі шарада комитет төрағасының орынбасары полицияның xалық арасындағы көмекшілері қанша ақша алатынын айтып берді.
Фото: Park72.ru