«Ғылыми-сарапшылық кеңес жасаған әлеуметтік зерттеулер нәтижесі көрсеткеніндей, Қазақстан халқының басым бөлігі Елбасының бес институттық реформасын қолдайды. Соның ішінде реформаның төртінші бағыты - «Болашағы біртұтас ұлт» бағытын респонденттердің 85,4 пайызы жақтаған. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі немесе 94,2 пайызы «Мәңгілік ел» құндылықтарын толық қолдайтындықтарын білдірді. Сондай-ақ бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға өсті», - деді Е. Тоғжанов.
Сонымен қатар, Төраға орынбасары «Болашағы бiртұтас ұлт» реформасының шеңберiнде төрт заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiліп, «Қайырымдылық туралы» арнайы заң, Мемлекет басшысының 5 Жарлығы қабылданғанын атап өтті. Оның айтуынша, «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» идеясын респонденттердің 80,7 пайызы қолдаған, ал «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын сауалнамаға қатысқандардың 78,9 пайызы жақтаған. Бұдан бөлек, үштілді білім беру бастамасына да қатысушылардың 76 пайызы тарапынан қолдау жасалды.
«Соңғы үш жылда Қазақстанда жүргізілген ғылыми зерттеулер қоғамдық сананың өзгерістерінде оң динамика байқалатынын көрсетті. Сонымен қатар, қоғамдық келісімнің және жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін де халықаралық қауымдастық жоғары бағалауда», - деді ол.