Елімізге Еуропадан тағы сегіз Пржевальский жылқысы әкелінеді

АСТАНА. KAZINFORM — Келер аптада Қостанай даласына халықаралық бағдарлама аясында тағы сегіз керқұлан жеткізіледі.

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Прага мен Берлин қалаларынан тасымалданатын жануарлар Қазақстандағы сирек кездесетін жабайы жылқы түрінің популяциясын қалпына келтіруге әсер етпек.

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының атқарушы директоры Вера Воронованың айтуынша, биыл елге сегіз керқұлан жеткізіледі: олардың төртеуі — Прагадан әкелінетін айғырлар, ал тағы төртеуі — Берлиннен жеткізілетін биелер.

Екі елден жеткізілетін керқұландар бөлек-бөлек тасмалданады. Алдымен 1 маусым күні таңертең Чехия армиясының CASA ұшағымен Прага хайуанаттар бағынан төрт айғыр жеткізіледі. Олар Қостанай әуежайына таңғы сағат 07:00–де әкелініп, кейін 550 шақырымдағы далалық реинтродукция орталығына тасымалданады. Ал Берлиндегі Tierpark-тен жеткізілетін төрт биені 5 маусымда әкелу жоспарланған.
Өткен жылы Қазақстанға әкелінген керқұландар табиғи ортаға бейімделіп жатыр.

— Қазір өткен жылы жеткізілген жылқыларды «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына жіберуге дайындық жүргізіліп жатыр. Ал кейбір бие қоршауда қалып, жаңадан қосылатын айғырлармен бірге ұсталады, — деді Вера Воронова.

Керқұландарды тарихи мекеніне қайтару бастамасы мемлекетаралық келісім аясында жүзеге асып келеді. Қазір жобаға Прага хайуанаттар бағы, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы, ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Берлиндегі Tierpark, Франкфурт зоологиялық қоғамы және Чехия Әуе күштері атсалысып отыр. Бағдарламаның басты мақсаты — сирек кездесетін жануарлардың табиғи ортадағы тұрақты популяциясын қалыпқа келтіру.

Қазақстанда керқұландарды қайта жерсіндіру жобасы сәтті басталды. 2024 жылғы маусымда алғашқы жылқылар әкелінсе, 2025 жылғы маусымда екінші топ жеткізілген болатын.

Бұған дейін керқұландардың тарихи мекеніне бейімделу барысы туралы жазған едік.