Қазақстанға тауық жұмыртқасын әкелуге екі айға тиім салынды

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстанда тауық жұмыртқасын елге әкелуге екі ай мерзімге уақытша тыйым енгізілді. Шектеу барлық көлік түрлеріне, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) жеткізілетін өнімдерге де қатысты.

Фото: АШМ

Тиісті бұйрыққа Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2026 жылғы 12 қарашада қол қойған.

Құжатқа сәйкес, тыйым Қазақстан аумағы арқылы жұмыртқаны транзитпен тасымалдауға, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында Қазақстан аумағы арқылы жүзеге асырылатын тасымалдарға қолданылмайды.

Сонымен қатар бірқатар ерекшеліктер қарастырылған. Атап айтқанда, экспорттаушы елде бұйрық күшіне енгенге дейін экспортқа ресімделген, бірақ Қазақстан аумағына кейінірек жеткізілген жұмыртқа партияларын әкелуге рұқсат етіледі. Ол үшін тиісті кедендік декларациялар ұсынылуы қажет.

Бұдан бөлек, бұйрық күшіне енгенге дейін Қазақстан аумағына нақты келіп жеткен жұмыртқаларды да әкелуге болады. Бұл жағдайда олардың ел аумағына келгенін растайтын ілеспе жүкқұжат болуы тиіс.

Бұйрық 2026 жылғы 13 қарашадан бастап күшіне енді.

Айта кетейік, Қазақстан алюминий фольгасы мен электродтарды экспорттауға шектеу енгізеді.