Қазақстан алюминий фольгасы мен электродтарды экспорттауға шектеу енгізеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне өнеркәсіп өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттауға шектеу енгізеді. Тиісті бұйрыққа Өнеркәсіп және құрылыс министрі 2026 жылғы 5 қарашада қол қойды.

Алюминий подорожал до 4-летнего максимума
Фото: GRAHAM HUGHES / EPA / ТАСС

Шектеу тауарлардың екі санатына қатысты болады.

Біріншісі — белгілі бір өлшемдер мен сипаттамаларға сәйкес келетін, орам түрінде жеткізілетін алюминий фольгасы. Оны экспорттауға 2030 жылғы 15 қарашаға дейін тыйым салынады.

Екінші санатқа өнеркәсіптік пештерде қолданылатын дөңгелек қималы графиттелген электродтар жатады. Оларды ЕАЭО елдеріне экспорттауға 2031 жылғы 17 қаңтарға дейін шектеу қойылады.

Алайда алюминий фольгасына қатысты ерекшелік қарастырылған. Шектеудің демпингке қарсы баж төленіп, Қазақстанға әкелінген Қытайда өндірілген өнімдеріне қатысы жоқ. Сондай-ақ, бұйрықта мұндай баж төленбестен, біржолғы лицензиялар бойынша жеткізілген тауарларға қатысты да жекелеген ерекшеліктер көзделген.

Құжат 2026 жылғы 22 қарашадан бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, бұған дейін битум экспортына қойылған шектеу мерзімінен бұрын алынатынын жазғанбыз.