Грузияның Ұлттық туризм әкімшілігінің мәліметінше, Қазақстан республикаға келушілер саны бойынша жетінші орынға көтерілді. Алдыңғы қатарда Ресей, Түркия, Армения, Израиль, Әзербайжан және Украина тұр.
Қаңтар–маусым аралығында Грузияда 2 млн 734 мың 504 халықаралық келуші тіркелген. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,7 пайызға аз. Дегенмен туристік мақсаттағы сапарлар саны 0,1 пайызға өсіп, 2 млн 272 мың 964-ке жеткен.
Туристер саны ең көп артқан елдердің қатарында Германия (26,2%), Украина (22,7%), Польша (17,4%), Қытай (16,7%) және Қазақстан (6%) бар.
Керісінше, Ираннан келушілер саны 48,7 пайызға қысқарған. Сондай-ақ Израильден (14,4%), Армениядан (8%), Өзбекстаннан (4%) және Түркиядан (1,5%) келген туристер саны азайған.
Грузия тарапы мұны Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленісуі және әуе қатынасындағы іркілістермен байланыстырады.
Сонымен қатар, Еуропалық одақ елдерінен, оның ішінде Ұлыбританиядан келген туристер саны 23 пайызға өсіп, 249 201 адамды құрады.
Бұған дейін Kazinform агенттігі Грузияның халықаралық туризмнен алты айда 1,93 млрд АҚШ доллары көлемінде табыс тапқанын хабарлаған.