Қазақстаннан қашқан 19 қылмыскер ТМД елдері аумағында ұсталды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда қылмыс жасап, қашып кеткен 19 қылмыскер ТМД елдері аумағында ұсталды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі істер министрлігі ТМД елдерімен бірлескен»іздестіру«операциясын жүргізді. Операция барысында республиканың криминалдық полиция қызметкерлері аса ауыр және ауыр қылмыстар жасағаны үшін іздеуде жүрген қылмыскерлерді ұстау бойынша бірқатар арнайы операция ұйымдастырды. Мәселен, Жамбыл облысының Қордай ауданында полиция қызметкерлері өткен жылдың қараша айынан бері іздеуде жүрген жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады. Ол Алматы қаласының түнгі клубының жанында бейтаныс адамға қасақана пышақ салып өлтірген», - деді Шұғыла Тұрлыбек Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.

Сондай-ақ оның дерегінше, Қарағанды облысының Шахтинск қаласында жедел қызметкерлер Ресей Федерациясының Алтай өлкесінің полициясы қарақшылық шабуыл кезінде кісі өлтіргені үшін 2002 жылдан бері іздестіріп жүрген 42 жастағы ресейлікті ұстады. Ал елорда полицейлері Өзбекстандағы әріптестерінің сұрау салуы бойынша 2022 жылдың қазан айынан іздеуде жүрген Өзбекстанның 23 жастағы азаматшасын ұстады. Ол құдалықты сылтауратып, 21 жастағы бұрынғы танысын Андижан облысынан алып кетіп, оның жалаңаш фотосуреттері мен бейнелерін таратпағаны үшін әпкесінен ақша бопсалаған. Осыдан кейін ол Қырғыз Республикасының аумағында жәбірленушіні белгісіз адамдарға сатып жіберген. Мұнан бөлек, Қостанай қаласында өткен жылдың желтоқсан айынан бастап Санкт-Петербург полициясы іздеу салған әйелді қолға түсірді.

«ТМД елдерінің аумағындағы операция барысында ішкі істер органдарының қызметкерлері мемлекетіміздің құқық қорғау органдары іздеген адамдарды тұтқындады. Шемонаиха ауданының Первомайск кентіндегі саябақта әйелмен бірге арық ішіп, жыныстық қатынастан соң өлтіргені үшін 1994 жылдан бері іздеуде жүрген Шығыс Қазақстан облысының 62 жастағы тұрғыны Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде қолға түсті. Ресей Федерациясының Новороссийск қаласында жергілікті полиция қызметкерлері Шымкент тәртіп сақшылары алаяқтығы үшін іздестіріп жүрген 23 жастағы Қазақстан азаматын анықтап, темір торға қамады. Операцияның 2 күнінің қорытындысы бойынша іздеуде жүрген барлығы 290 қылмыскер анықталып, ұсталды. Оның ішінде республикадан тыс жерлерде – 19, Достастық елдері үшін – 137 қылмыскер қолға түсті.

Сонымен қатар, полиция хабар-ошарсыз кеткен 79 адамның орналасқан жерін анықтады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар