Қазақстаннан Қытайға бал экспорты жөнінде келісім жасалды

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - 14 мамыр күні Бейжіңде Қазақстаннан Қытайға экспортталатын балға қойылатын Санитарлық талаптар, инспекция және карантин жөніндегі хаттамаға қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Қытайдағы меншікті тілшісі.

Құжатқа ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мен ҚХР-дың Сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасының (СҚИКББ) төрағасы Чжи Шупин қол қойды.

«Өткен жылдың жазында СҚИКББ инспекторлары Қазақстанда болып, Шығыс Қазақстандағы омарташылармен кездескен болатын. Олар бізде өндірілетін балдың алуан түрлілігіне таңғалған еді», - деп атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Г.Исаева.

Оның айтуынша, Хаттамада бұған дейін өзара ақылдасып, зерделенген барлық қажетті талаптар қамтылған.

«Бұл өте маңызды. Себебі біздің фермерлер қытайлық нарықтың талабын біле отырып, балды экспорттауға мүмкіндік алды», - деп атап өтті ол.

Келісім Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына сапары барысында жасалды.

Бүгін Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы шеңберінде халықаралық ынтымақтастық бойынша жоғары деңгейдегі екікүндік Форум  өз жұмысын бастады. Оған 29 мемлекеттің және 3 ірі халықаралық ұйымның (БҰҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры) басшылары қатысуда.