Министрдің айтуынша, кадр даярлау сапасы колледждердің материалдық-техникалық базасына тікелей байланысты.
— Қазірдің өзінде жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 174 колледж жабдықталды. Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылар қолдауымен тағы 13 колледждің материалдық базасы жаңартылды, — деді Ж. Сүлейменова.
Соған қарамастан, 143 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту қажет етеді. Атап айтқанда, 72 колледж немесе 17 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. 107 колледжде — жабдықтарға қажеттілік жоғары болса, 202 колледжде — бұл көрсеткіш орташа деңгейде.
Күрделі жөндеуді қажет ететін колледждердің ең көбі Батыс Қазақстан облысында — 11. Алматы және Жетісу облыстарында — 7, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында — 6 колледжге күрделі жөндеу қажет. Мәселені жүйелі шешу үшін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға амортизациялық шығындарды енгізу жоспарланып отыр.
— Елдегі 11 өңірде 20 мың орынға арналған 13 заманауи колледж салу жоспарлануда. Бұл өңірлердегі тапшылықты азайтып, жастарды заманауи, жабдықталған ортада сапалы кәсіптік біліммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді Оқу-ағарту министрі.
Сонымен қатар колледждерді жабдықтауға жеке инвестициялар тартылып, ірі кәсіпорындардың қамқорлығындағы мемлекеттік колледждерді нысаналы түрде жаңарту жұмыстары жүргізіледі.
Бұған дейін Ж. Сүлейменова Қазақстан колледждерінен 32 мамандық алынып тасталуы мүмкін екенін айтқан еді.
Олардың орнына 20 жаңа мамандық пайда болады.
Ал 2035 жылы 1,8 млн жұмысшы маманға сұраныс болады.