Жасұлан Әмірдің трансферлік құны 500 мың еуродан 2,5 миллион еуроға дейін өсті. Осылайша, футболшының нарықтық бағасы бір жаңартудың өзінде бес есе артып, 2 миллион еуроға қымбаттады.
Рейтингтің бірінші сатысын ол «Астана» клубының жартылай қорғаушысы Иван Башичпен бөлісті. Босниялық футболшының да трансферлік құны 1 миллион еуроға өсіп, 2,5 миллион еуроға жетті.
Одан кейін «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбеков пен «Ордабасы» қорғаушысы Ги-Марселен Килама орналасқан. Екеуінің де нарықтық құны 1,2 миллион еуроға бағаланып отыр.
Ал «Астана» сапындағы Мақсат Абраев, «Ордабасы» ойыншысы Давид Абағна, «Қайрат» футболшысы Жоржиньо және «Ақтөбе» өкілі Пабло Альварестің құны 1 миллион еуродан.
Тағы бес футболшының нарықтық бағасы 900 мың еуроны құрады. Олар – «Ордабасы» ойыншылары Елхан Астанов пен Алекса Аманович, «Ақтөбе» сапындағы Артур Шушеначев пен Даниэль Соса, сондай-ақ «Тобыл» футболшысы Виталий Лисакович.
Айта кетейік, осы маусымда шымкенттік «Ордабасы» ҚПЛ чемпионы атанды.