- Бәсекеге қабілетті ұлттық IT-экожүйені дамытуға тоқталсақ, Astana Hub 2 500-ден астам резидентті біріктіріп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1,1 млрд АҚШ долларынан асты. Alem Ventures арқылы көлемі 115 млн доллар болатын венчурлық қорлар құрылды. Елімізде мықты технологиялық компаниялар қалыптасып, бәсекеге қабілетті IT-өнімдер жасалды. Инженерлер мен зерттеушілерді даярлау үшін Qazaq AI Research University ашылды. Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы AI-Enabled университет. Network School іске қосылды. Онда отандық және шетелдік IT-инженерлер жаһандық нарыққа IT-қызметтерді экспорттауға дайындалады, - деді Ж.Мәдиев.
Оның айтуынша, Trusted Kazakhstan арқылы дарынды мамандар мен инвесторларды тарту жалғасып жатыр. Digital Nomad Visa / Residency бағдарламасына 80 елден 1 900-ден астам өтінім түсті. Стратегиялық инвесторларға арналған Altyn Visa іске қосылып жатыр.
- Астана мен өңірлерде IT-хабтардың инфрақұрылымы кеңейтіліп келеді. Халықаралық хабтар желісі АҚШ, Қытай, Малайзия және Біріккен Араб Әмірліктерін қамтиды. Ұлыбританияда Eurasian Hub ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2029 жылға қарай IT-экспортты кемінде 2 миллиард АҚШ долларына жеткізу және кемінде үш unicorn-компания қалыптастыру жоспарланған, - деді Премьер-министрдің орынбасары.
Бұған дейін хабарланғандай, қалалық сервистерді басқару бойынша Астана тәжірибесі ел өңірлерінде енгізіледі.