Қазақстанның көлік дәліздерін дамыту жөніндегі бастамалары ЭЫҰ аясында қолдау тапты

АСТАНА. KAZINFORM- Астанада Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше мемлекеттердің Көлік министрлерінің 14-кеңесіне дайындық аясында жоғары лауазымды тұлғалардың кеңесі өтті.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Жиында 2026–2035 жылдарға арналған ЭЫҰ-ның көлік саласын тұрақты дамыту және сыртқы сын-қатерлерге бейімдеу стратегиясының жобасы мен Астана декларациясының жобасы қаралды.

Кеңеске ұйымға мүше мемлекеттер мен ЭЫҰ хатшылығының өкілдері, сондай-ақ Бас хатшының орынбасары Силапберды Нурбердиев қатысты. Қазақстан атынан Көлік министрлігінің делегациясы қатысты.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Аталған құжаттар өңірдегі көлік байланысын нығайтуға және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Қазақстан тарапы халықаралық көлік дәліздерін үйлесімді дамыту, жүк тасымалының тиімділігін арттыру және көлік-логистика инфрақұрылымын жетілдіру маңызды екенін атап өтті.

Талқылау барысында Шығыс–Батыс және Солтүстік–Оңтүстік бағыттарына, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен Қазақстан – Түрікменстан – Иран дәлізіне ерекше назар аударылды.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Қазақстан делегациясы мультимодальды тасымалды дамыту, цифрлық көлік жүйелерінің өзара үйлесімділігін қамтамасыз ету, халықаралық көлік дәліздерінің тиімділігін бағалау және басым инфрақұрылымдық жобаларды айқындау бойынша ұсыныстарын таныстырды.

Қазақстан ұсынған бастамалар қолдау тауып, құжат жобаларын талқылау кезінде ескерілді. Қатысушылар өңірлік көлік ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.

Кеңес қорытындылары 15 қазанда Астанада өтетін ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттер Көлік министрлерінің 14-кеңесінде ұсынылады.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Шығыстанушы Дүкен Мәсімханұлы Алматыда өтіп жатқан халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Қазақстан бірнеше көлік дәлізін ұштастыру арқылы транзит мүмкіндігін кеңейтетіні туралы айтты.