Қазақстан бірнеше көлік дәлізін ұштастыру арқылы транзит мүмкіндігін кеңейтеді — сарапшы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Шығыстанушы Дүкен Мәсімханұлы Алматыда өтіп жатқан халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мәселесіне тоқталды.

Алматыда «Қазақстан мен Шығыс әлемінің тарихи-мәдени, саяси-экономикалық қарым-қатынастары: тарихы, бүгіні және даму беталысы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр.
Фото: Қырмызы Скендір/Kazinform

Ол «Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы: Орталық Азия мемлекеттерінің ұстанымдары мен мүдделері» атты баяндамасында Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарына тоқталды.

Сарапшының пікірінше, Орталық Азия елдері үшін Қытаймен байланысты көлік дәліздерін дамыту жүк тасымалын ұлғайтумен шектелмеуі керек. Маңыздысы — осы инфрақұрылымның ел экономикасына ұзақмерзімді пайда әкелуін қамтамасыз ету.

Транзиттен өндірістік пайдаға көшу қажет

Дүкен Мәсімханұлы Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін бірнеше халықаралық бағытты өзара байланыстыру арқылы дамытуға болатынын атап өтті.

Оның айтуынша, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын Транскаспий халықаралық көлік бағытымен және «Солтүстік — Оңтүстік» дәлізімен ұштастыру Қазақстанға жүк тасымалын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астанада өткен ШЫҰ саммитінде айтқан сөзін мысалға келтірді.

— «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий көлік бағытын және «Солтүстік — Оңтүстік» дәлізін өзара ұштастыру үшін белсенді жұмыс істеп жатырмыз… Бұл Қазақстанның ұстанымы маршруттардың бірін таңдап, қалғанынан бас тарту емес, олардың түйісуінен пайда алу, — деді ол.

Дүкен Мәсімханұлының пайымдауынша, жүк тасымалының артуы өздігінен экономиканың барлық саласына бірдей пайда әкелмейді. Сондықтан Қазақстан логистикамен қатар өңдеу өнеркәсібін дамытып, жергілікті мамандардың қатысуын арттыруға және қосылған құнды ел ішінде қалыптастыруға назар аударуы қажет.

Орталық Азия елдерінің басымдықтары қандай?

Баяндамада Орталық Азия мемлекеттерінің Қытаймен экономикалық байланыстарды дамытудағы мүдделері де қарастырылды.

Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытып, Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге ұмтылады. Сонымен бірге көлік инфрақұрылымының дамуын отандық өндіріс пен логистиканың өсуімен ұштастыру маңызды.

Өзбекстан үшін Қытай — Қырғызстан — Өзбекстан теміржол жобасы халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейтетін маңызды бағыттардың бірі.

Қырғызстан жаңа теміржолдың құрылысы арқылы транзиттік әлеуетін арттыруға және көлік байланыстарын жақсартуға мүдделі. Сонымен қатар мұндай ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде қаржылық тәуекелдерді ескеру қажет.

Тәжікстан Қытаймен экономикалық байланыстарын дамытуда энергетика мен су ресурстарына қатысты мүмкіндіктерге сүйенеді. Ал Түрікменстан бейтараптық мәртебесін сақтай отырып, Қытаймен, әсіресе газ экспорты саласында, тығыз екіжақты ынтымақтастық орнатқан.

Ұлттық мүдде мен экономикалық қауіпсіздік

Дүкен Мәсімханұлының пікірінше, Қытай капиталын тарту кезінде Орталық Азия мемлекеттері экономикалық ынтымақтастық пен ұлттық мүдде арасындағы тепе-теңдікті сақтауы керек.

— Сыртқы капиталдың ықпалы қабылдаушы елдің реттеу жүйесіне байланысты. Ұлттық пайданы сақтау үшін жобалардың ашықтығын, экологиялық стандарттарды және жергілікті кадрларды қамту талаптарын қатаң қамтамасыз ету қажет, — деп қорытындылады Дүкен Мәсімханұлы.

Еске салайық, Алматыда «Қазақстан мен Шығыс әлемінің тарихи-мәдени, саяси-экономикалық қарым-қатынастары: тарихы, бүгіні және даму беталысы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр.

Бұған дейін шығыстанушы Шығыс архивтерінен Қазақстан тарихына қатысты мыңдаған еңбек табылғанын айтты.