Вице-министрдің айтуынша, бұл «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасында көзделген жаңа тетіктердің тиімділігін айқын көрсетеді.
– Ұлттық жобаны іске асыруға жеке және шетелдік капитал тартылған. 2026 жылға мақұлданған қарыз қаражатының жалпы көлемі 625 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде алты жетекші халықаралық қаржы институты қарастырылған. Бұл шаралар ұзақ мерзімде әрі төмен құны бар қаржы ресурстарын тартуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде коммуналдық қызметтердің өзіндік құнына түсетін жүктеме төмендейді. 2025 жылы 31 млрд 700 млн теңге қаржы тартылды, – деді Ұлттық экономика вице-министрі.
Сонымен бірге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың бірыңғай цифрлық платформасы – Smart Turmys платформасының екі модулін енгізу жұмыстары жүріп жатыр.
Ұлттық жоба іске асырылғалы жылумен жабдықтау саласына 533 миллиард теңге инвестиция тартылды. Былтыр 259 шақырым жылу желісі жөнделсе, биыл – тағы 336 шақырым жөндеу жоспарланып отыр. Нәтижесінде орташа тозу деңгейі 52 48 пайызға дейін төмендейді, апаттылық деңгейі 7,2 пайызға, ал жылу шығындары 1,6 пайызға қысқарады.
– Осылайша тозу деңгейі аса жоғары табиғи монополия субъектілерінің саны төрт кәсіпорынға азаяды. Мысалы, Павлодар және Теміртау қалаларындағы магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жобалары толық іске асырылды, сондай-ақ Орал қаласында осы бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр, – деді Асан Дарбаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асырып жатыр. Еліміздегі бүкіл базалық инфрақұрылымның ауқымды құрылысы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және экономиканың одан әрі орнықты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған.