Қазақстанның неліктен Ауғанстанмен қарым-қатынас орнатқанын түсінеміз – АҚШ елшісі

Қазақстандағы АҚШ елшісі Дэниел Розенблюм журналистермен өткен дөңгелек үстелде Қазақстанның қазіргі Ауғанстан билігімен қарым-қатынасы жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Фото: АҚШ елшілігі

Дөңгелек үстелде тілшілер Қазақстан мен Ауғанстанның қазіргі қарым-қатынасына АҚШ қалай қарайды деген сұрақ қойды.

«Ауғанстан тақырыбы және оның аймақтағы орны – біз жергілікті серіктестермен жиі талқылайтын нәрсе. Бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанның барлық көршілерімен жақсы қарым-қатынасты сақтау қажеттілігі Ауғанстанға да қатысты. Біз Қазақстанға неліктен Ауғанстанмен өзара жемісті қарым-қатынас жасауы қажетін жақсы түсініп отырмыз», - деп жауап берді дипломат.

Дегенмен, АҚШ елшісі Қазақстан Үкіметімен талибандармен қарым-қатынас туралы белгілі бір уағдаластықтар бар екенін айтты.

«Бұл уағдаластықтар – тек АҚШ пен Қазақстан арасындағы емес, бүкіл халықаралық қоғамдастықта сақталатын қағидаттар. Яғни, Ауғанстанның қазіргі билігі белгілі бір шарттарды орындамайынша халықаралық деңгейде мойындалмайды. Әсіресе үш негізгі шарт – елдегі террористік топтарға қатысты батыл әрекеттер, елдегі барлық топтарды қолдайтын, фаворитизм мен артықшылық қағидаттарына негізделмеген инклюзивті үкімет құру, Ауғанстанның барлық азаматтарына, атап айтқанда әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғау және оларға білім алу сияқты негізгі құқықтарды беру», - деп түсіндірді Д. Розенблюм.

Бұған дейін Дэниел Розенблюм АҚШ президенті Джо Байденнің Орталық Азияға сапары жөнінде сұрақтарға жауап берді.

Орталық Азияда Қазақстан азаматтарына ғана АҚШ-тың 10 жылдық миграциялық емес визасы беріледі. Елші АҚШ визасын беруді жеңілдетуге мүдделі екендерін айтты.

Сондай-ақ, АҚШ елшісі шет елден ақша алатын қазақстандықтардың тізіміне қатысты пікір білдірді.