Қазақстанның Олимпиада спортшыларын Under Armour бренді киіндіреді
АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Олимпиадада Қазақстан атынан шығатын спортшылардың киіміне айтылып жүрген сынға жауап берді.
- Бізде шеру формасы мен спорттық форма бар. Биыл шеру формасын отандық бренд толық тегін тіккен. Қазір айтылып жатқан сын-ескертпелердің бәрі ескерілді. Алдағы Азия ойындарына тігілетін формаға конкурс жариялаймыз. Қазіргі шеру формасы спортшыларымызға ұнады. Спорт қауымдастықтары да мақұлдап отыр, - деді ол.
Ербол Мырзабосынов спортшыларды киіндіру саясаты өзгергенін атап өтті.
- Шеру формасынан бөлек спорттық-жауынгерлік құрал-жабдық бар. Биыл осы формаға көп дүние байланысты екенін ескеріп, Under Armour халықаралық брендімен келісімшарт бекіттік. Ол форманы спортшылар сайысқа киеді. Әр спортшыға берілетін сөмкеде 18 түрлі спорттық өнім болады. Ол қиімнің бәрі бюджеттен тыс ақшаға алынған. Бұған дейін қысқы спорт түрлеріне басқа форма, жазғы спорт түрлеріне басқа форма тігілсе, биыл спорт брендімен бірге әр спортшының гардеробында қысқы және жазғы спорт құрал-жарағы болады. Ал шеру формасына келсек, жетілдіре түсеміз. Жапонияның Нагоя қаласында өтетін жазғы Азия ойындарына тігілетін шеру формасына ашық конкурс жарияланады, - деді министр.
Еске салсақ, Моңғолияның Олимпиада формасы тағы да қазақстандық желі қолданушыларын тамсантқан болатын.