Қазақстанның Өзбекстандағы кеден қызметі өкіліне қандай міндет жүктеледі

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай отырысынан кейінгі брифингте Қаржы министрі Мәди Такиев Қазақстанның Өзбекстандағы кеден қызметі өкілі қандай міндеттер атқаратынын түсіндірді.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Еске салайық, бұған дейін «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң екі оқылымда қаралып қабылданғанын жазғанбыз.

Осыған байланысты, Қаржы министрі өкілі немен айналысатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, өкіл Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі жанында жұмыс істейді. Ол үшін жеке кеңсе ашу жоспарланбаған.

– Тауар айналымының артып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан кеден органдарынан әдістемелік қолдау көрсететін өкіл қажет, – деді Мәди Такиев.

Қазақстандық өкілдің Өзбекстандағы негізгі міндеті жергілікті кеден органдарымен өзара іс-қимыл жасау болмақ. Ол жүктерді тасымалдау кезінде туындайтын мәселелерді шешуге көмектесіп, қазақстандық кәсіпкерлерге жедел ақпарат беріп отырады.

– Қиындықтардың себептері әртүрлі болуы мүмкін. Мәселе әрдайым кеденнің немесе өткізу пунктінің жұмысына байланысты бола бермейді. Мысалы, жолдың жабылуына немесе ауа райы жағдайларына байланысты қозғалыс шектелуі мүмкін. Өкіл кәсіпкерлерге ақпаратты жедел жеткізе алады. Бұл қазіргі тәртіппен салыстырғанда өзара іс-қимылды жеделдетеді, – деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу жоспарланып отырғанын жазғанбыз.